Оның айтуынша, мұндай мүмкіндік лейкоз және басқа да патологияларды қоса алғанда, қан ауруларын емдеу үшін қарастырылған.
— Біріншіден, трансплантация жасау мүмкіндігін кеңейту көзделіп отыр. Атап айтқанда, жасөспірімдер мен балалар арасында, сондай-ақ бауырлар мен әпке-сіңлілер арасында мұндай ем жүргізуге мүмкіндік беріледі. Мысалы, егер баланың ағасы немесе әпкесі ауырып қалса, генетикалық сәйкестік болған жағдайда, ата-анасының және баланың өз келісімімен гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялауға болады, — деді Тимур Сұлтанғазиев Құрылтайдағы брифингте.
Вице-министр бұл жерде ағза мүшелерін ауыстырып салу туралы сөз болып отырмағанын түсіндірді. Процедура барысында донордың көктамырынан қан алынып, одан гемопоэздік дің жасушалары бөлініп шығарылады. Ал қалған қан қайтадан донордың ағзасына жіберіледі.
— Бұған дейін елімізде мұндай процедураларды жүргізудің құқықтық тетігі болмаған. Енді біз бұл мүмкіндікті заңнамалық тұрғыдан бекітіп жатырмыз, — деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, Сұлтанғазиев Қазақстандағы трансплантология саласының дамуы туралы айтып берді. Оның сөзінше, бұл бағыт 2012 жылдан бастап белсенді түрде дамып келеді. Осы уақыт ішінде Республикалық транспланттауды үйлестіру орталығы құрылған.
Қазіргі таңда елімізде 11 трансплантация орталығы жұмыс істейді. 2013 жылдан бері 3 мыңнан астам операция жасалған. Оның ішінде шамамен 2,5 мыңы тірі донорлардан (83%), ал 514-і қайтыс болған донорлардан алынған ағзалар арқылы жүргізілген.
Сонымен қатар, ағзалар мен тіндердің донорлығына деген қажеттілік әлі де жоғары. Қазіргі уақытта трансплантацияға мұқтаж шамамен 4 800 адам күту парағында кезекте тұр.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде науқастардың медициналық деректерін қорғау тетіктері жетілдірілетінін жазғанбыз.