ІІМ мәліметінше, елде пәтер ұрлығы 23,3 пайыз, мал ұрлығы 6,7 пайыз төмендеген. Сонымен қатар қылмыстардың ашылу көрсеткіші де артқан. Кейінгі 10 айда полиция 9 мыңнан астам адамды ұстап, 1 248 қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойған.
Таразда 27 жастағы тұрғын пәтерінен ақша мен алтын бұйымдарының жоғалғаны туралы полицияға арызданған. Алдын ала мәлімет бойынша, ұрылар кіреберіс есіктің кілтін таңдап ашып, үйге заңсыз кірген. Келтірілген шығын 17 миллион теңгеден асқан. Полиция екі күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.
Осыған ұқсас жағдай Түркістан облысында да тіркелген. Қылмыскерлер қосымша қорғаныс құралдары орнатылмағанын пайдаланып, пластик терезені күштеп ашып, үйге кірген. Тұрғындарға қомақты материалдық шығын келген. Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды.
ІІМ қала көшелерінде қауіпті маневрлер жасап, көлік жарысын ұйымдастыратындарға бақылауды күшейткен. Жыл басынан бері полиция 411 дрифт дерегін анықтаған. Оның 402-сі автокөлікке, тоғызы мотоциклге қатысты. Барлық көлік арнайы тұрақтарға қойылды.
— Мұндай жағдайлар Алматыда жиі тіркелген. Қалада 142 дерек анықталса, Түркістан облысында — 45, Ақмола және Ақтөбе облыстарында 30 жағдайдан тіркелген, - делінген хабарламада.
Полиция түнгі тыныштықты бұзатындарға да назар аударып отыр. 13-18 қараша аралығында осындай 26 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілген.
Бұған қоса, қоғамдық орындарға заңсыз граффити жазу, ғимараттардың сыртын бүлдіру деректеріне қарсы рейдтер өткізілген. Бір апта ішінде 3 423 граффити жазуы жойылып, анықталған құқық бұзушылықтар бойынша 114 әкімшілік іс қозғалған. Оның 112-сі абаттандыру қағидаларын бұзуға, екеуі ғимараттарды ластауға қатысты.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында 16 бас жылқыны айдап әкеткен 44 жастағы тұрғын ұсталғанын хабарлағанбыз.