Жаңа жүйе арқылы медициналық мекемелердің лицензиясы, кадрлық әлеуеті, медициналық техникасы және басқа да маңызды көрсеткіштері бір ақпараттық кеңістікте бақыланады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтты.
Комитет төрағасының айтуынша, бұған дейін медициналық ұйымдар туралы ақпарат әртүрлі ақпараттық жүйеде сақталып келген. Ал жаңа платформа барлық мәліметті бір жүйеге біріктіріп, бақылау процесін жеңілдеткен.
– Медициналық ұйым туралы мәліметтің барлығы бір жүйеге интеграцияланды. Енді медициналық ұйымның лицензиясы, құқықтық құжаттары, тіркелген халық саны, кадрлық құрамы және медициналық техникасы туралы барлық ақпаратты бір жерден көруге болады,– деді Бауыржан Жүсіпов.
Оның айтуынша, жүйе тек медициналық ұйымның төлқұжатымен шектелмейді. Платформада дәрігерлердің сертификаттары, жұмыс кестесі, штаттық құрылымы және маман тапшылығы туралы мәліметтер де жинақталған. Сондай-ақ медициналық техниканың саны, пайдалану тиімділігі мен тозу деңгейі де бақылауда болады.
Комитет төрағасы жаңа платформаның негізгі ерекшелігінің бірі бақылау жұмыстарының цифрландырылуы екенін атап өтті. Енді көптеген заңбұзушылықты мекемеге бармай-ақ анықтауға мүмкіндік бар. Бұған қоса, алдағы уақытта бұл жүйенің мүмкіндігі жасанды интеллект арқылы кеңейтіледі.
Сонымен қатар ол жасанды интеллект денсаулық сақтау саласында қазірдің өзінде бірнеше бағытта қолданылып жатқанын айтты. Оның бірі дәрігердің цифрлық көмекшісі ретінде жұмыс істейді.
– Науқастың шағымдары мен зертханалық талдау нәтижелері енгізілгеннен кейін жүйе ықтимал диагноздарды ұсынып, дәрігерге шешім қабылдауға көмектеседі. Бұдан бөлек, жасанды интеллект КТ және МРТ нәтижелерін талдап, патологияларды автоматты түрде анықтау үшін де пайдаланылып жатыр. Сондай-ақ ауруларды ерте анықтауға арналған арнайы платформалар кезең-кезеңімен медициналық ұйымдарға енгізіліп келеді, – деді Бауыржан Жүсіпов.
Сонымен қатар комитет төрағасы лицензиясыз қызмет көрсететін медициналық ұйымдарға қатысты жүргізілген жұмыстар туралы да айтты.
Оның мәліметінше, бақылау барысында лицензиясыз жұмыс істеген 38 медициналық ұйым анықталған. Оның 27-сінің қызметі уақытша тоқтатылған, ал қалған ұйымдар анықталған заңбұзушылықтарды қысқа мерзімде жойған.
Сондай-ақ ақпараттық жүйе арқылы медицина мамандары сертификаттарының жарамдылық мерзімі де бақыланып отыр.
– Бастапқыда жарамдылық мерзімі өткен сертификаты бар 3 мыңнан астам медицина қызметкері анықталды. Қазіргі уақытта олардың саны шамамен 2600-ге дейін азайды. Ал 50 шақты маман сертификатын жаңартқанға дейін уақытша жұмыстан шеттетілді. Құжаттарын рәсімдегеннен кейін қайтадан қызметіне кірісуге мүмкіндік беріледі, – деді Бауыржан Жүсіпов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта бірыңғай платформаға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жұмыс істейтін 1800-ден астам мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйым қосылған. Ал алдағы уақытта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жұмыс істемейтін жекеменшік медициналық ұйымдарды да кезең-кезеңімен интеграциялау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, енді электрондық жеке медициналық кітапша барлық адамға қолжетімді болатынын жазған едік.