Елімізде ет бағасын кім қалыптастырады

АСТАНА. KAZINFORM — Ет — қазақ дастарқанынан үзілмейтін негізгі тағамның бірі. Алайда кейінгі жылдары оның қымбаттауы көпшілікті алаңдатып отыр.

Фото: Ақбота Күзекбай/Kazinform

Мал сатылатын маусымда ет неге арзандай қоймайды? Фермердің табысы қанша? Ал тұтынушы төлейтін ақшаның қанша бөлігі тасымал мен сауда шығынына кетеді? Осы және өзге де сұрақтарға «Қазақстанның ет одағы» бас директоры Мақсұт Бақтыбаев BIZDIÑ ORTA подкастында жауап берді.

Маман ет бағасын екі нәрсе айқындайтынын айтады. Оның бірі — өнімнің өзіндік құны, екіншісі нарықтағы сұраныс пен ұсыныс. Қазір бағаның өсуіне осы екінші фактор көбірек әсер етіп отыр. Өйткені Қазақстанда өндірілетін ет ішкі сұранысты толық өтеуге де, көрші елдерге жеткізуге де жеткіліксіз.

— Елімізде ет өндірісі екі есе артса, баға да арзандар еді, — дейді Мақсұт Бақтыбаев.

Видеодан алынған кадр

Мал көбейген маусымда ет неге арзанда­майды? 

Тамыз бен қараша аралығында шаруалар малды көбірек сатуға тырысады. Бұл уақытта жемшөп қамдап, қыстан шығатын малдың есебін жасайды. Нарыққа ет көп түскен сайын көтерме бағасы да төмендейді.

Бірақ шаруа етті арзанға сатқанымен, оның бағасы дүкенде сол күйі сақталмайды. Сарапшының айтуынша, саудагерлер бір көтерген бағаны қайта түсіруге асықпайды. Тұтынушы да қымбатшылыққа біртіндеп үйренеді. Сондықтан көтерме саудада ет арзандағанымен, бұл өзгеріс дүкен сөрелеріндегі бағаға әсер етпейді.

Мәселен, 2022–2023 жылдары еттің көтерме бағасы шамамен 1 200 теңгеге дейін түскен. Ал бөлшек саудада 2800–3 000 теңгеден сатылған.

Мақсұт Бақтыбаевтың айтуынша, Астанада сиыр етінің бөлшек бағасы 4 000 теңге болған кезде фермерлер малды 3 500–3 600 теңгеден сатқан. Кей өңірлерде сатып алу бағасы 3 200 теңге де болған. Осылайша, еттің бастапқы және дүкендегі бағасы арасында шамамен 800 теңге айырма бар. Бұл тасымал шығыны мен сауда үстемесінің үлесі.

Ал ірі супермаркеттерде бұл шығын мен үстеме бағаның үлесі 25 пайызға дейін жетуі мүмкін.

Делдалдар ет бағасын қаншалықты көтерді?

Ет бағасының өсуіне оны сату барысындағы делдалдар да әсер етеді. Фермерлердің көбі малын базарға немесе дүкенге өзі апарып сатпайды. Алдымен малды алыпсатарлар сатып алады. Кейін етті көтерме саудагерлерге өткізеді. Олар өз кезегінде өнімді базарлар мен дүкендерге жеткізеді. Осы аралықтағы әр саудагер өз шығыны мен пайдасын қосады.

Сарапшының бағалауынша, ет саудасының 50–80 пайызы базарлар мен жәрмеңкелерге тиесілі. Ірі сауда желілерінің үлесі — 20–25 пайыз, ал шағын дүкендерде 10–15 пайыз шамасында.

Дегенмен делдалдарды сауда тізбегінен түгел алып тастау мүмкін емес. Өйткені олардың әрқайсысы өнімді жеткізу мен сатуға қатысты белгілі бір қызмет атқарады. Оның орнына бәсекені күшейтіп, фермерге өнімін тікелей өткізуге жол ашу керек.

Сарапшы ет бағасын төмендету үшін фермерлердің өнімін тікелей сатуға мүмкіндік жасау қажет деп санайды. Ол үшін онлайн сауданы дамытып, ірі қалаларда фермерлік базарлар ашуды ұсынады. Сондай-ақ шаруаларға сауда орындарын жеңілдікпен беріп, делдалдар қосатын үстеме бағаны 10–15 пайыздан асырмау керек екенін айтады.

Мал басы неге азайды?

Ет бағасының өсуіне әсер еткен тағы бір фактор — мал басының азаюы. Мақсұт Бақтыбаевтың айтуынша, 2012–2018 жылдары Қазақстанда мал шаруашылығы қарқынды дамыды. Ет өндірісі ішкі тұтыну көлемінен 20–25 пайызға артып, өнімнің бір бөлігі Өзбекстан мен Қытайға экспортталды.

Алайда экспортқа шектеу қойылған соң, шаруалар өнімін өткізу кезінде қиындыққа тап болды. 2019–2024 жылдары олар қолдағы малын сатуға мәжбүр болған. Малды арзанға өткізген кейбір шаруалар табындағы мал санын қысқартса, енді бір бөлігі кәсібін тоқтатқан.

Сарапшының есебінше, осы кезеңде елдегі мал басы 2–2,5 миллионға азайған. Соның салдарынан нарықтағы ет ұсынысы төмендеп, сатып алу бағасы өсе бастаған.

Қазір ет тапшылығы шамамен 7 пайызды құрайды. Оның бір бөлігі импорт есебінен өтеледі. Мәселен, ірі кәсіпорындар мен өндіріс орындарына ет жеткізетін компаниялар өнімді Беларусьтен сатып алады. Алайда импортталған еттің басым бөлігі дүкен сөрелеріне түспейді. Демек, оны сатып алуға жұмсалған қаржы отандық шаруалардың табысына қосылмайды.

Сарапшы экспортты ет бағасының қымбаттауына тікелей себеп деп санамайды. Керісінше, сыртқы нарыққа шығу мүмкіндігі шаруаларды мал басын көбейтуге ынталандырады. Ол үшін алдымен ішкі сұранысты толық қамтамасыз ететін ет қоры болуы керек.

Ет бағасын қалай тұрақтандыруға болады?

Мақсұт Бақтыбаевтың пікірінше, бағаны әкімшілік жолмен шектеу мәселені түбегейлі шешпейді. Саудагер үшін ет сату тиімсіз болса, ол өнімін нарыққа шығармауы мүмкін. Мұның соңы ұсыныстың азаюына және бағаның одан әрі өсуіне әкеледі.

Сондықтан сарапшы ең алдымен мал шаруашылығын қолдап, мал басын көбейту қажет деп санайды. Бұған қоса, фермерлерге өнімін тиімді сататын жаңа жолдар ашу керек.

Ал ет сатып алуға шамасы жетпейтін әлеуметтік осал топтарға атаулы көмек көрсеткен жөн. Өйткені қымбатшылық кейбір отбасыларды ет тұтынуды азайтуға мәжбүрлеп отыр.

Түйіндей айтқанда, ет бағасының қолжетімді болуы бір ғана фермерге немесе саудагерге байланысты емес. Мал өсіруден бастап, оны бордақылау, сою, өңдеу, тасымалдау және сатуға дейінгі барлық кезең өзара үйлесуі керек. Сонда шаруаның еңбегі ақталып, тұтынушы да етті қолжетімді бағамен сатып ала алады.

Айта кетейік, алдағы уақытта Қазақстанда алты ет кластері құрылады.