Өткен жылы ашылған жұмыс орындарының 361,9 мыңы немесе 64 пайызы тұрақты, ал 202,3 мыңы немесе 36 пайызы уақытша болған.
Тұрақты жұмыс орындарының көбеюі халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Мұндай жұмыс азаматтарды тұрақты табыспен қамтамасыз етіп, кәсіби тәжірибе жинауға және еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазір халықтың ақшалай табысының шамамен үштен екісі жалдамалы еңбектен түседі.
Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан – бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында 2030 жылға дейін 3,3 миллион адамды жұмыспен қамту көзделген. Биыл 480 мың азаматты жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.
Тұрақты жұмыс орындары қай өңірлерде көбірек ашылған?
2025 жылы жаңадан құрылған жұмыс орындарының ішінде тұрақты жұмыстың үлесі мына өңірлерде жоғары болды:
• Ақмола облысы – 76% немесе 17,2 мың тұрақты жұмыс орны;
• Қостанай облысы – 76% немесе 24,5 мың;
• Жамбыл облысы – 72% немесе 38 мың;
• Ақтөбе облысы – 71% немесе 38,5 мың; • Шымкент қаласы – 71% немесе 22,5 мың.
Өңірлерде жаңа жұмыс орындарының ашылуы тұрғындардың тұрғылықты жерінде еңбек етуіне жағдай жасайды. Соның нәтижесінде жұмыс іздеп басқа жаққа көшу қажеттілігі азайып, жергілікті кәсіпкерлік пен қызмет көрсету саласы дамиды.
Жаңа жұмыс орындары қай салаларда ашылды?
2025 жылы тұрақты жұмыс орындарының ең көбі мына салаларда ашылған:
• Экономикалық қызметтің өзге түрлері – 137,7 мың (38%);
• Білім беру – 80,5 мың (22,3%);
• Ауыл, орман және балық шаруашылығы – 60,4 мың (16,7%);
• Құрылыс – 27,6 мың (7,6%);
• Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету – 25,2 мың (7%);
• Көтерме және бөлшек сауда, автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу – 16,3 мың (4,5%);
• Көлік және қоймалау – 10,9 мың (3%);
• Өнеркәсіп – 3,2 мың (0,9%).
Бұл деректер жаңа жұмыс орындарының өндіріс пен инфрақұрылымды дамыту бағыттарында ғана емес, халыққа әлеуметтік және өзге де қызмет көрсететін салаларда ашылып жатқанын көрсетеді. Дегенмен экономика үшін өндіріс салаларындағы жұмыс орындарын көбейтудің маңызы зор. Өйткені мұндай жұмыс орындары қосымша құн қалыптастырып, өзге салалардың өнімдері мен қызметтеріне сұранысты арттырады.
Бұл өндіріс көлемін ұлғайтып, салалар арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Мәселен, құрылыста жұмыс орындарының көбеюі құрылыс материалдарына, жүк тасымалы мен логистика қызметтеріне, мердігер ұйымдардың жұмысына сұранысты арттырады. Сол сияқты өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының дамуы кәсіпорындардың өзінде ғана емес, өнім өңдеу, тасымалдау, сауда және қызмет көрсету салаларында да жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Жаңа жұмыс орындарының ашылуы экономикаға қалай әсер етеді?
Жаңа жұмыс орындарын ашу – экономикалық өсімнің игілігін халыққа жеткізудің маңызды жолдарының бірі.
Жұмыспен қамтудың артуы:
• халықтың еңбек табысын көбейтеді;
• ішкі нарықтағы тұтынушылық сұранысты арттырады;
• бюджет пен әлеуметтік қорларға түсетін түсімді ұлғайтады;
• жұмыссыздық пен әлеуметтік төлемдерге тәуелділікті азайтады;
• өңірлердегі экономикалық белсенділікті күшейтеді;
• жаңа өндірістерге қажетті кадрлық әлеуетті қалыптастырады;
• тауарлар мен қызметтерге сұранысты кеңейтеді;
• жаңа кәсіпорындар мен жобаларға байланысты шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді.
Алайда жұмыс орындарының саны ғана емес, сапасы да маңызды. Мұнда жұмыстың тұрақтылығы, жалақы мөлшері, еңбек өнімділігі және кәсіби өсу мүмкіндігі ескерілуі тиіс. Бұл азаматтарды қысқа мерзімге жұмыспен қамтумен шектелмей, олардың табысын ұзақ уақыт бойы тұрақты арттыруға жол ашады.
Ресми статистикаға сәйкес, 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда жұмыспен қамтылғандар саны 9,4 миллион адамға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 79,2 мың адамға көп. Өсім негізінен жалдамалы қызметкерлер санының көбеюі есебінен қалыптасқан.
Сондықтан алдағы уақытта тұрақты әрі жоғары жалақы төленетін жұмыс орындарын ашуға, еңбек өнімділігін арттыруға басымдық беру қажет. Әсіресе өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік және қосымша құн қалыптастыру мүмкіндігі жоғары басқа да салаларды дамыту маңызды.
Мұндай шаралар халықты тұрақты жұмыспен қамтуға, азаматтардың табысын арттыруға және елдегі экономикалық белсенділікті күшейтуге ықпал етеді.
Бұған дейін Астанада жыл басынан бері 3 547 жас тұрақты жұмысқа орналасқанын хабарлаған едік.