Астанада жастарға қандай жұмыс ұсынылады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада 13,6 мың жас жұмыссыз. Жыл басынан бері 27 мыңнан астам жас жұмысқа орналасуға көмек сұрап Мансап орталықтарына жүгінген. Елордада жас мамандарға қандай жұмыс ұсынылады және қай мамандықтарға сұраныс бар? 

Астанада жастарға қандай жұмыс ұсынылады
Фото: KAZINFORM/ЖИ

Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры Омар Олжас мәлім етті.

Оның айтуынша, жыл басынан бері Мансап орталықтарына 27 564 жас жүгінген. Оның 8 183-і жұмыспен қамту шараларына қатысып, 3 547-сі тұрақты жұмысқа орналасқан.

— Түлектер мен жас мамандарды қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі — «Жастар практикасы». Бүгінде бағдарлама аясында 209 ұйым 529 бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Заңгер, бухгалтер, жүйелік әкімші, қаржыгер, қаржылық талдаушы, экономист және журналист мамандарына сұраныс бар, — деді ол.

«Жастар практикасы» бойынша қайда жұмысқа орналасуға болады?

Бағдарламаға мемлекеттік мекемелермен қатар ұлттық компаниялар мен кәсіпорындар да қатысады. Олардың арасында «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы, Astana Innovations, «Астана-Энергия», Kazakh Invest және Қазақстанның электр энергиясы мен қуаты нарығының операторы бар.

Жас мамандарға Қаржылық мониторинг агенттігі, Сыртқы істер, Энергетика, Ғылым және жоғары білім, Көлік министрліктері де жұмыс орындарын ұсынады.

«Жастар практикасы» бойынша жұмыс орындарын ұйымдастыруға жұмыс берушілерден өтінім қазан айының соңына дейін қабылданады.

Астанада қанша жас жұмыссыз?

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Астанада 516 022 жас тұрады. Оның шамамен 164 мыңы білім алып жүр: 126 мыңы жоғары оқу орындарында, 38 мыңға жуығы колледждерде оқиды.

Елордада еңбек күшінің құрамына кіретін жастар саны 354,1 мың адамға жетеді. Оның 340,6 мыңы жұмыспен қамтылған, 13,6 мыңы жұмыссыз.

Ал ресми түрде жұмыссыз ретінде 8 439 жас тіркелген. Оның 5 552-сі — әйел, 2 887-сі — ер адам.

Тіркелген жұмыссыздардың ең көбі 30–34 жас аралығында — 3 321 адам. 25–29 жастағылар саны — 2 544, 20–24 жастағылар — 2 405. Ал 16–19 жас аралығында 169 адам жұмыссыз ретінде тіркелген.

Олардың 5 220-сында жоғары, 3 043-інде орта кәсіптік білім бар. Тағы 122 адам жоғары оқу орнынан кейінгі білім алған. 54 адамның білімі жоқ.

Жұмысты қайдан іздеуге болады?

Жыл басынан бері Астанада 30 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткен. Оның алтауы жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне арналған.

Бос жұмыс орындарын Enbek.kz порталынан да іздеуге болады. Қазір онда Астана бойынша 6 200 жұмыс беруші ұсынған 12 897 бос жұмыс орны бар.

— Жастарды жұмыспен қамтуда жұмыс іздеудің қолжетімді жолдарын ұсынуға, жас мамандар мен жұмыс берушілердің тікелей байланысына және жастардың алғашқы кәсіби тәжірибе жинауына басымдық беріліп отыр, — деді Омар Олжас.

Айта кетейік, бұған дейін жұмыс беруші еңбек шарты жасалғаннан кейін оның талаптарын қызметкердің келісімінсіз өзгерте алмайтыны, еңбек шартына енгізілетін өзгерістер тараптардың келісімімен рәсімделетіні жөнінде жаздық.