Елімізде киік еті арзандай ма

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрлігі киік етінің бағасын ұсынылған мөлшерден, яғни 1600 теңгеден түсіруді қарастырып жатқан жоқ. Бұл жөнінде ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Үкімет отырысынан кейінгі брифингте мәлімдеді.

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

— Киік етін тасымалдау және өңдеу шығындары ескеріліп, аталған баға ұсынылды. Әзірге бағаны қайта қарастыруға себеп жоқ. Егер өңдеуші кәсіпорындардың шығындары артса, яғни коммуналдық төлемдер не дизель отыны қымбаттаса, онда киік еті бағасын қайта қарастыруымыз мүмкін, — деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі өңдеуші кәсіпорындарға киік етінің килограмын 1 600 теңгеден сатуды ұсынған еді.