Елімізде киім мен мата өндірушілерге мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары ұсынылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда отандық шикізатты пайдаланатын және жұмыс орындарын ашатын жеңіл өнеркәсіп нысандарына мемлекеттік, квазимемлекеттік секторлар, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар арқылы ұзақ мерзімді тапсырыстар беру жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков Үкімет отырысынан кейінгі брифингіде мәлімдеді.

Фото: ҚР Үкіметі

Вице-министрдің айтуынша, жеңіл өнеркәсіп ел экономикасы үшін ерекше маңызға ие. Себебі бұл сала халықтың едәуір бөлігін жұмыспен қамтып отыр. Осыған байланысты Үкімет аталған секторды дамытуға арналған 30-ға жуық тармақтан тұратын кешенді жоспарды бекіткен.

Құжаттың негізгі мақсаты – жұмыс істеп тұрған өндірістік қуаттарды толық жүктеу, кәсіпорындар арасындағы кооперацияны дамыту және жеңіл өнеркәсіптің толыққанды кластерін қалыптастыру.

– Мата өндіретін кәсіпорындар бар, тігін тігетін кәсіпорындар бар. Алайда киім тігумен айналысатындардың барлығы бірдей Қазақстан аумағында өндірілген матаны пайдалана бермейді. Осындай мәселелер туындап отыр, – деді Олжас Сапарбеков.

Бұл түйткілді шешу үшін министрлік депутаттармен бірлесіп, заңнамалық түзетулер әзірлеген. Нәтижесінде салалық кластер ұғымы бекітілді. Енді осы аясында кәсіпорындар арасындағы кооперацияны дамытып, тиісті міндеттемелерді қабылдаған өндіріс орындарының жұмысын тұрақты тапсырыспен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Атап айтқанда, кәсіпорындар отандық шикізатты пайдалануға, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жұмыс орындарын ашуға және экспортқа немесе жаппай тұтыну нарығына бағытталған өнім шығаруға міндеттеме алуы тиіс.

– Қарапайым тілмен айтқанда, егер біз осында киім тігетін болсақ және кәсіпорын Қазақстанда өндірілген шикізатты барынша пайдалануға, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп саласында халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамтуға міндеттеме алса, онда біз оған қолдау көрсетеміз. Сонымен қатар кәсіпорын экспортқа немесе жаппай тұтыну нарығына шығуға бағытталған жаңа өнімдер шығаруы керек. Осы талаптарды орындаған жағдайда, оны мемлекеттік сатып алу, квазимемлекеттік сектор және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуы арқылы ұзақ мерзімді тапсырыстармен қамтамасыз етеміз, – деп түсіндірді вице-министр.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта тиісті түзетулер мемлекеттік органдар мен Құрылтай депутаттары арасында белсенді талқыланып жатыр. Қажетті шешімдердің бір бөлігі заңға тәуелді актілер деңгейінде қабылданса, енді біріне заңнамаға өзгерістер енгізу қажет болады.

Министрлік жаңа тетіктер жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарында уақытша емес, тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді деп болжайды.

– Біздің негізгі мақсатымыз – қызметкерлердің лайықты жалақымен қамтамасыз етілуін және біліктілігін арттыру мәселелерін де ескеру. Яғни кәсіпорындар адамдарды белгілі бір уақытқа немесе қысқа мерзімді тапсырысқа ғана жұмысқа алып, кейін босатып жібермеуі керек. Әр адам тұрақты жұмыс істеп, осы өндіріс саласында кәсіби тұрғыдан дамып, ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа сенім арта алуы қажет, – деп түйіндеді Олжас Сапарбеков.

Айта кетейік, бұған дейін отандық жеңіл өнеркәсіпке мемлекеттік сатып алуда басымдық берілетінін жазғанбыз.