- Яндекс және Glovo басшылығымен бұл мәселені талқыладық. «Не себепті кішкентай баламен курьерлік жұмысқа қабылдаған?» деген сұрақты жолдадық. Қазір олар өздерінің ұсыныстарын айтып жатыр, яғни адамдарды қызметке қабылдауға қатысты бірыңғай қағида жасалмақ. Осы жобаны жасауға дайынбыз. Келесі айда бұл жоба жүзеге асады деп ойлаймын, - деді А. Ертаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, осы қызметтерде жұмыс істеуге арналған бірыңғай қағида қазір пысықталып жатыр.
- Жас аналар курьер ретінде жұмыс істей алады. Әр адам курьер немесе таксиде, сондай-ақ басқа да қызметтерде өз қалауы бойынша жұмыс істеуге құқылы. Бірақ тиісті тәртіп пен талаптар болуы керек. Егер қолында кішкентай баласы болса, қалай жұмыс істейді? Сондықтан бірыңғай қағидаға осының бәрін жазамыз, - деді министр.
Еске салсақ, былтыр күзде елде курьерлерге тұмауға қарсы вакцинаны тегін салдыру мәселесі пысықталып жатқаны айтылды.