Елімізде мұнай өндіріліп жатқан 289 кен орнында 4,38 млрд тонна қор бар

АТЫРАУ. KAZINFORM — Қазақстанның әр өңірінде мұнай өндіріліп жатқан 289 кен орны бар. Бұл кен орындарынан алынатын мұнайдың қоры 4,38 млрд тоннаға бағаланып отыр.   

Фото: 7kun.kz

ENERGY MONITOR телеграм арнасының мәліметіне сүйенсек, мұнай қорының басым бөлігі батыс өңірлердегі кен орындарының қойнауында жатыр. 

Биыл қазақ мұнайының алғашқы тамшысы алынғанына 125 жыл толады. Әлемдік нарықта баррельмен бағаланатын алғашқы отандық мұнай 1899 жылы Атырау облысында өндірілген.

Қазір бұл өңірдегі «Теңіз», «Қашаған» секілді ірі кен орындары шетел инвесторларымен бірге игеріліп жатыр. Атырау облысындағы осындай және өзге де кен орындарынан өндірілетін 3,2 млрд тонна «қара алтын» бар. Бұл елімізде өндірілуі тиіс мұнай қорының 73 пайызын құрайды. 

Бұдан кейінгі көмірсутекті шикізаттың мол қоры мұнайлы түбек атанған Маңғыстау облысындағы кен орындарында барланған. Мұндағы мұнайдың қоры — 0,56 мдрд тонна. Ал, Ақтөбе облысында 0,36 млрд, Қызылорда облысында 0,12 млрд тонна «қара алтын» бар деп есептеледі. 

Батыс Қазақстан облысындағы кен орындарынан алынатын «қара алтынның» қоры 0,09 млрд тоннаны құрап отыр. Еліміздің өзге өңірлеріндегі табиғи байлықтың үлесі — 0,05 млрд тонна. 

Еске сала кетелік, бұған дейін «Баку-Тблиси-Джейхан» құбырымен мұнай экспорты 1 млн 392 мың тоннаға ұлғайғанын хабарлаған болатынбыз.