«Баку-Тблиси-Джейхан» құбырымен мұнай экспорты 1 млн 392 мың тоннаға ұлғайды
Былтыр Ақтау портынан экспортқа 3 млн 376 мың тонна мұнай тасымалданған. Бұл бұрнағы жылғы көрсеткіштен 1 млн 108 мың тоннаға көп, деп хабарлайды Kazinform.
«ҚазТрансОйл» компаниясының баспасөз қызметінен мәім еткендей, Қазақстан мұнайын Ақтау портынан экспортқа тасымалдау көлемінің артуы «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағытында жөнелтілетін шикізат көлемінің ұлғаюымен байланысты болып отыр.
«2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий дәлізі бойынша мұнай тасымалдауды арттыруды тапсырды. Осы тапсырмаға сәйкес «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Әзірбайжан Республикасының SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясы «Теңіз» кенішінен «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағытында жылына 1,5 миллион тоннаға дейін мұнай тасымалдауды көздейтін келісім жасады. Былтыр «Баку-Тбилиси-Джейхан» бағытымен тасымалданған мұнай 250 мың тоннадан 1 млн 392 мың тоннаға артты. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,5 есеге артық. «Теңіз» кенішінен осы бағыт бойынша 1 миллион 057 мың тонна мұнай жөнелтілді», -деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Ақтау портынан Махачкала портына қарай 1 млн 984 мың тонна мұнай жіберілген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Каспий құбыр консорциумы Қазақстаннан 56 млн тонна мұнай тасымалдағанын хабарлаған едік.