Елімізде порнография таратудың 6 фактісі тіркелді – ІІМ ресми өкілі

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ішкі істер министрлігі мамандары киберқылмыспен күресу үшін жаңа әдістерді қолдануға күш салып отыр. Олардың айтуынша, қылмыскерлер уақыт өткен сайын айла-тәсілдерін жаңартып отыр.

Фото: ҚР ІІМ

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің мәліметінше, 13-15 тамыз аралығында республика аумағында «Аnti-fraud» жедел-алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылған.

Осы кезеңде «ізін суытпай» 178 қылмыс ашылған. Атап айтсақ:

- авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу (ҚК 198-бабы) - 3 факт;
- ақпаратқа заңсыз қол жеткізу (ҚК 205-бабы) - 1 факт;
- абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын заңсыз өзгерту (ҚК 213-бабы) - 4 факт;
- порнографияны тарату (ҚК 311-бабы) - 6 факт;
- арнайы техникалық құралдарды тарату (ҚК 399-бабы) - 2 факт;
- ІТ-технологияларды пайдалана отырып ұрлық жасау (ҚК 188-бабы)- 5 факт;
- интернет пайдаланушыларына қатысты алаяқтық – 157 факт.

«Сонымен қатар, полиция қызметкерлері бұрын жасалған 328 қылмысты ашты. Еркін айналымда жүрген 485 тыйым салынған өнім тәркіленді. Алматы қаласындакөршілес елдің 24 жастағы азаматы ұсталды. Ол пәтерде SIM-box құрылғысын орнатып, ел аумағында алаяқтық қоңырау шалу қызметін ұсынған. Сондай-ақ, Семей қаласында виртуалды абоненттік нөмірлерді тіркеуге арналған GSM-box аппаратурасын жалдамалы пәтерде орнатып, ұялы байланыс желілеріне қосқан тағы бір шетелдік ұсталды. 22 жастағы жігіт Telegram-арна арқылы куратордан түскен нұсқауларды орындаған. Жалпы, іс-шараны өткізу кезінде республиканың үш қаласында барлығы 4 SIM-box құрылғысы және 6 мыңға жуық sim-карта тәркіленіп, жойылды. Барлық фактілер бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің әрекетінен зардап шеккен адамдар анықталып жатыр», - деді Ш. Әлекешев.

Оның айтуынша, соңғы кезде алаяқтар мемлекеттік органдар мен ірі жеке ұйымдар басшыларының атынан жалған аккаунттар ашып, адамдарды алдау фактілері жиілеп кеткен. Өкінішке қарай, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілсе де, әлі күнге дейін алаяқтардың құрығына түскендер азаймай тұр.