ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, құжат Қазақстан мен АҚШ арасындағы мал шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Тараптар асыл тұқымды әрі өнімділігі жоғары мал жеткізу, америкалық генетикалық технологияларды енгізу және өндірістік тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің АҚШ-тың Айдахо және Монтана штаттарына жасаған жұмыс сапары барысында айтылды. Ол штаттардың ауыл шаруашылығы департаменттері басшыларымен және америкалық агробизнес өкілдерімен кездесті.
Кездесулерде вице-министр Қазақстанның мал шаруашылығын дамыту әлеуетіне тоқталды. Оның айтуынша, жайылымдық жер көлемі бойынша әлемде бесінші орында тұрған еліміздің иелігінде 180 млн гектар жайылым бар. Бұл сиыр еті мен қой етін, сондай-ақ сүт өнімдерін өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітіліп, іске асырыла бастады. Жоспарда малдың генетикалық сапасын жақсарту, жемшөппен қамтамасыз ету жүйесін нығайту, саланы қаржыландыруды кеңейту, заманауи технологияларды енгізу және өнімді қайта өңдеуді дамыту көзделген.
Меморандум аясында Қазақстанда эмбриологиялық зертхана құру жоспарланып отыр. Сонымен бірге шетелдік сарапшыларды тарта отырып, отандық мамандардың біліктілігін арттыруға басымдық беріледі.
Қазір елімізде қызыл ет өндірудің толық өндірістік цикліне негізделген алты жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, Қазақстанның оңтүстігінде алғашқы мамандандырылған мал биржасының құрылысы басталды.
Осы бағытта америкалық тәжірибені енгізу мәселесі де қаралды. Тараптар мал аукциондарын ашық баға белгілеу стандарттарына сай өткізу үшін қазақстандық мамандарды оқытуға келісті.
Сүтті мал шаруашылығы да екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі ретінде белгіленді. Соңғы жылдары Қазақстанда 100-ден астам заманауи тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілді. Олардың әрқайсысының орташа құны 9 млн АҚШ долларын құрайды.
Сонымен қатар цифрлық технологиялармен жабдықталған, өнімділігі жоғары тағы 50 тауарлы-сүт фермасының құрылысын жеңілдетілген несие арқылы қолдау жоспарланған.
Осыған байланысты америкалық компанияларға өндірістік кешендерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету, сондай-ақ жабдық құрастыру өндірісін Қазақстанда жергіліктендіріп, кейін Орталық Азия нарығына шығару мүмкіндіктері ұсынылды.
-Келіссөздер қорытындысында тараптар уағдаластықтарды нақты инвестициялық және сауда жобаларына айналдыруға келісті. Етті бағыттағы ірі қара шаруашылығында Монтана штатының, ал өнеркәсіптік сүт өндірісі мен өнімді қайта өңдеуде Айдахо штатының тәжірибесін пайдалану көзделіп отыр,-делінген хабарламада.
Бірлескен жобаларды іске асыруға жәрдемдесу және өзара іс-қимылды үйлестіру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері мен ғылыми ұйымдардың қатысуымен тұрақты жұмыс алаңын құрмақ.
– Қазақстанның әлеуетін америкалық әріптестердің технологиялары мен тәжірибесімен ұштастыру өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Аманғали Бердалин.
Осыған дейін Қазақстанның Германиядан асыл тұқымды ірі қара малын жеткізудегі мақсаты туралы жаздық.