Министрлік цифрлық шешімдерді қолдану мәселесі бойынша шудың шекті деңгейден асып кетуін автоматты түрде анықтау үшін фото- және бейнетіркеу жүйесіне инновациялық акустикалық камералар мен шу деңгейін өлшейтін құралдарды біріктіру бойынша пилоттық жобаны іске қосуды қолдайды. Қазіргі уақытта АҚШ, Германия және Францияның озық шетелдік тәжірибесі зерделеніп жатыр, - деді министр.
Ержан Сәденовтің дерегіне сәйкес, жыл басынан бері түнгі уақытта тыныштықты бұзудың 22,2 мың, тікелей ағынды және қатты шу шығаратын жүйелері бар заңсыз қайта жабдықталған көліктерді басқарудың 24 мың фактісі анықталған. Бұдан бөлек, маневр жасау қағидаларын бұзудың 57,9 мың, қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығудың 4,6 мың және апатты жағдай туғызудың 11,8 мың фактісінің жолы кесілген. Сондай-ақ 404 дрифт фактісі тіркеліп, 61 жүргізуші әкімшілік қамауға алынған, 343 жүргізушіге айыппұл салынған.
Ал 23 қыркүйектен бастап республика аумағында «Түнгі қала» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. 12 қазандағы жағдай бойынша оның аясында 47,1 мың құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Атап айтқанда, түнгі тыныштықты бұзудың 2,8 мың, заңсыз қайта жабдықталған көліктерді басқарудың 2,6 мың, маневр жасау қағидаларын бұзудың 7,9 мың, қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығудың 590 және апатты жағдай туғызудың 2 мың фактісі анықталған. Сонымен қатар 30 дрифт фактісі тіркеліп, алты жүргізуші әкімшілік қамауға алынған, 24 жүргізушіге айыппұл арқалаған.
Министр мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, әкімшілік заңнаманы жетілдіру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады.
- Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс нормаларын жаңарту аясында түнгі тыныштықты бұзғаны үшін жауапкершіліктің мөлшерлес болуын қамтамасыз ету тетіктері, техникалық өзгерістері бар автокөліктерді жойылғанға дейін арнайы тұрақтарда ұстау тәртібі, сондай-ақ жолдардағы құқық бұзушылықтарды саралау тәсілдері егжей-тегжейлі пысықталып жатыр, - деді Ержан Сәденов.
Бұған дейін депутат Кендебай Адамбек Ішкі істер министріне сауал жолдап, көлік шуын автоматты анықтайтын жүйе енгізуді ұсынды.