ІІМ: Бірде-бір сайлау учаскесінде қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактісі тіркелмеді

АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай депутаттарын сайлау күні Қазақстанның барлық өңірінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев мәлімдеді.

Фото: gov.kz

Оның айтуынша, елдегі 10 мыңнан астам сайлау учаскесінің ешқайсысында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактісі тіркелмеген.

— Он мыңнан астам сайлау учаскесінің бірде-бірінде қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактілеріне жол берілген жоқ. Қазіргі уақытта учаскелерде дауыстарды санау жалғасып жатыр. Дауыс беру аяқталғанымен, ішкі істер органдарының жұмысы жалғасып жатыр, — деді Шыңғыс Алекешев.

ІІМ өкілі сайлау құжаттарын сайлау комиссияларына қауіпсіз жеткізу қамтамасыз етілетінін атап өтті. Полиция сайлауға қатысты барлық іс-шара толық аяқталғанға дейін күшейтілген режимде жұмысын жалғастырады.

Ведомство сайлау барысындағы жағдайды бақылауда ұстап отыр.

Айта кетейік, Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру аяқталды. Жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де ел аумағындағы сайлау учаскелері жабылып, комиссиялар дауыстарды санауға кірісті.