Еліміздегі бір әуекомпанияға бортын ауыстыру туралы тапсырма берілді

«Air Astana» әуекомпаниясы әуе кемелерін жолаушыларға алдын ала тиісті хабарламасыз «Fly Arystan» әуе кемесіне ауыстыру жағдайы көбейген. Осыған байланысты Көлік вице-министрі Талғат Ластаев «Air Astana» АҚ-мен жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлайды Kazinform министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Фото: avtoradio.kz

Осыған дейін «Air Astana» әуе компаниясы 31 588 рейс орындады. Оның ішінде 226 рейсте «Air Astana» әуекомпаниясының әуе кемелері «Fly Arystan» әуе кемелеріне ауыстырылды, бұл орындалған рейстердің жалпы санының 0,7%-ы.

Кеңес нәтижесінде «Air Astana» әуекомпаниясына мынадай тапсырма берілді:

1) «Air Astana» әуе кемелерін «Fly Arystan» әуе кемелеріне ауыстыру практикасын барынша азайту жөнінде шаралар қабылдасын;

2) әуе кемелерін ауыстырған жағдайда жолаушыларды алдын ала хабардар ету бойынша жұмысты орнату және қамтамасыз ету;

3) әуе кемені ауыстырған жағдайда жолаушыларға өтемақы төлеу тәртібі бойынша ұсыныстар әзірлеу;

4) «Air Astana» резервтік әуе кемелерінің санын 1-ден 2-ге дейін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдау.

«Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі өз кезегінде рейс мәртебесі өзгерген кезде жолаушылар құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізу бойынша жұмысты жалғастырады және бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік шаралар қабылдайды», - делінген хабарламада.