Еліміздегі жанармай стансалары келер жылдан бастап тексеріледі

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Елімізде 3 мыңға жуық жанар-жағармай стансасы, 2500 автогаз құю стансасы бар. Олардың жұмысын ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті қадағалайды. Алайда қазір Кәсіпкерлік кодексі кез келген уақытта тексеруге қолбайлау болып тұр. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл шектеу жойылады.

Жанармай бекеттерін салу және қауіпсіздік

Атырау облысы Құлсары қаласындағы төтенше жағдай көпті алаңдатып қойды. 30 мамырда жанармай стансасында газ-ауа қоспасы жарылып, 2 адам қаза тапқан болатын.  

Қала, аудан, ауыл ішіндегі мұндай бекеттер қазір қауіпті аймаққа айналып үлгерді. Тұрғындар алаңдап отыратын болды. Себебі бұл жерлерде от тұтанса, жарылыс болуы әдбен мүмкін.

Kazinform дәл осы саланың жұмыс қалай үйлестірілгенін және оның дұрыс жұмыс істеуін кім қадағалайтынын сұрап білді.

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Бірінші. Елімізде бұл сала Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы бұйрығы негізінде басқарылады. Бұйрық атауы — мұнай-химия, мұнай өңдеу салаларындағы қауіпті өндірістік обьектілер, мұнай базалары мен автожанармай құю станциялары үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидалары. Дәл осы қағиданың сақталуын ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті қадағалайды. Ал жергілікті жерлерде төтенше жағдайлар департаментінің ішінде басқарма бар. Тіпті департамент басшысының бір орынбасары осы жұмыспен айналысады.

Екінші. Автожанармай стансасын салуды Қазақстанның сәулет, құрылыс және қала құрылысы қызметі туралы заңнамасы реттейді.

Үшінші. Жанар-жағармай стансасы — бизнестің бір түрі. Сондықтан бұл сала Кәсіпкерлік кодексі аясында мейлінше қорғалған.

— Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті автожанармай бекетін салуға арналған жобалардың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін қарап, келісім береді. Алайда оны пайдалануға беру сатысына қатыспайды. Өйткені бұл сәулет, құрылыс және қала құрылысы қызметі туралы заңнама аясында реттеледі. Қазіргі уақытта Кәсіпкерлік кодексінің талаптары кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде автожанармай құю стансаларына қатысты өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды шектейді. Тек оқиғалар (апатты жағдай, инциденттер немесе жазатайым оқиғалар) тіркелген автожанармай стансалары ғана тексеруге жатады. Алайда 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың жаңа тәртібі күшіне еніп, қандай да бір оқиғаға қарамастан барлық автожанармай құю стансасы тексеруге жатады. Қазіргі уақытта елде 3000-ға жуық жанармай және 2500 автогаз құю стансасы бар. Олардың саны үнемі өзгеріп отырады, — деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.

Фото: Kazinform

Шағын кәсіпкерлік субьектілері тексерілмеді, ал ірі және орта кәсіп жыл сайын бақылауда — ТЖД

Расымен де облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы 2020 жылдан бастап бүгінге дейін шағын кәсіпкерлік нысандарын тексере алмай отыр.

Бұл дегеніміз шағын кәсіпкерлік пен жеке кәсіпкерлік нысандары. Ал ірі және орта кәсіп нысаны жыл сайын тексеріледі. Бұл тексеру де жыл бұрын жоспарланып, жоспар прокуратурада бекітіліп, порталға тізімі шығады. Тексерудің реті осы. 

— 2019 жылдың 26 желтоқсан күні мораторий жарияланды. Мораторий жарияланғанына биыл 5 жыл толады. Қазір қолымызда тексеру тарихы да жоқ болып тұр. Себебі бұл нысандарға мамандар мүлде бармады. Соның ішінде автогаз құю стансасыларының көбі шағын және микробизнес болып тұр. Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы сондықтан тексере алмады. Ал автожанармай құю стансаларының ірі және орта субьектілерін жыл сайын жоспар, кесте бойынша тексереміз. Кестені ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне жібереміз. Кейін оны ТЖМ бекітеді, Бас прокуратураға жолданады. Бас прокуратура порталға салады, — деді Ақтөбе облыстық ТЖД басқармасының бас маманы Нұрмұхаммед Әбдіәзи.

Фото: Әділет Бірімқұлов/ Kazinform

Жанармай және автогаз құю стансасының аумағына қойылатын талаптар:

  • Өндірістік, әкімшілік-тұрмыстық және қойма ғимараттар мен құрылыстар арасындағы арақашықтық — 40 метр
  • Орман алқаптары, оның ішінде қылқан жапырақты және аралас тұқымды ағаш аумағынан — 25-50 метр
  • Тұрғын үй мен қоғамдық ғимараттардан — 60 метр
  • Адам көп шоғырланатын орындардан — 60 метр
  • Жеке гараж бен ашық автотұрақтардан — 40 метр
  • Сауда орны мен дүңгіршектен — 60 метр
  • Автожолдан — 20-25 метр
  • Теміржолдан — 40 метр
  • Кәріз тазарту стансаларынан (автожанармай және автогаз құю стансасына тиесілі емес) — 60 метр
  • Автожанармай және автогаз құю стансасы арасындағы арақашықтық 100 метр болуы тиіс. 
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлеріне құрылыс жұмысы кезінде құжаттың бәрі электронды түрде түседі.

Қала, аудан, ауылдың бас жоспарынада көрсетілген орынды төтенше жағдайлар қызметкерлері барып қарап, өлшеп, кеспейді, қазығын да қақпайды. Оны жер беретін құрылыс саласы мен жергілікті жерлерде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бақылайды. 

— Ірі және орта субьектілерді тексеру кезінде де бірқатар бұзушылықтар анықталып жатады. Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары сақталмайды, резервуарды тазартудың техникалық регламенті бұзылып, дыбыс зорайтқыш құрылғылары істен шыққан. Сонымен бірге монометр дұрыс істемей тұрды. Мұның бәрін қалпына келтіруге уақыт беріледі, — дейді Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының бастығы Самат Таждавлетов.

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Эпидемиологтар да тексере алады

Денсаулық сақтау министрлігі болса «Адамның өмір сүру ортасы мен денсаулығына әсер ету объектілері болып табылатын объектілердің санитариялық-қорғаныш аймақтарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын негізге алады.

— Талап бойынша жанар-жағармай және газ құю бекеттерінің санитариялық-қорғау аймағы 100 метрден кем болмауы тиіс. Ал ҚР «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңы аясында мұндай кәсіпкерлік нысан иесі жұмысын бастағанын немесе тоқтатқанын хабарлауы тиіс. Сонымен бірге «Көлік құралдарына және жолаушыларға қызмет көрсету жөніндегі объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы бұйрығында анық жазулы, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің баспасөз қызметі.

Санитариялық қағида жазылған 17 параграфқа көз жүгіртсек, жанар-жағармай және газ құю стансалары тұрғын үй құрылысының ық жағында, оқшау учаскелерде орналастырылады. Құрылыс елдімекеннің бас жоспарын ескере отырып жүргізіледі.

Автомобильге жанармай құю стансалары елдімекен шекарасында отын сақтайтын жерасты резервуарларымен ғана орналастырылады. Жанар-жағармай және газ құю стансалары салынған кезде бірден абаттандырылады және көгалдандырылады.

Ал егер жанар-жағармай және газ құю бекеттері автомагистраль бойына орналасса, тарату колонкасы немесе жерасты резервуары бірінші санатты жолдан кемінде 25 м және қалған жолдарда 15 м қашық болуы тиіс.

Отын тарату колонкасынан немесе резервуардан жаяу жүргінші жолына дейінгі қашықтық кемінде 10 м болады.

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Депутаттар сауалы

Ақтөбе қалалық мәслихаты тұрғын үй-коммуналдық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелері Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекетке сауал жолдады.

Сауалда жанар-жағармай, автогаз құю бекеттерінің қауіпсіздігі қозғалды. 

— Депутаттар автогаз құю стансасыларының жұмысын бақылауды ұсынып отыр. Атырауда болған жағдай ешкімді бейжай қалдырмағаны анық. Сөйтіп Ақтөбе қаласы әкімі мен Ақтөбе қалалық прокурорының атына сауал жолдадық. Ұсынысымызда тек жанар-жағармай емес, автогаз құю стансаларын да тексеру жөнінде айтылды. Қала ішіндегі кәсіпкерлік нысандарын тағы бір қарап жіберсе артық етпейді. Бұл ұсынысты қабылдауы да, қабылдамауы да мүмкін. Мораторий де бар. Мораторий өз алдына, Атыраудағы жағдай мен алдағы уақытта күннің ыссы болатыны ойлантады. Тексерсе, оқыс жағдайдың алдын алар ма еді деп ойлаймыз. Егер бәрі заңды болса, қарап кеткенде тұрған ештеңе жоқ деген ойлап жазылды сауал, — деді Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Абай Сақтағанов. 

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Депутаттар сауалы 2 маусым күні жолданды. Әзірге әкімдіктен де, прокуратурадан да жауап болмады. 

Еске салсақ, бұдан бұрын Құлсарыда газ-ауа қоспасы жарылып, 2 адам қаза тапқан еді. Кейін Құлсарыдағы жарылыс жанар-жағармай бекетіндегі резервуарға газ құю кезінде болғаны анықталды.

Біріншіден, бастапқы өрт сөндіру құралдары жеткіліксіз болған. Екіншіден, стансалар аумағы жанғыш қоқыстан, құрғақ шөптен, төгілген мұнай өнімдерінен тазартылмаған.

Үшіншіден, жарылыс-өрт және өрт қауіптілігі бойынша үй-жайлардың санаттарымен жарылыс немесе өрт қаупі бар аймақтар класы болмаған.