— «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Конституциялық заңның жобасы еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру мақсатында әзірленді және ол жекелеген нормаларды нақтылауға, сонымен қатар құқықтық қолдану практикасын жетілдіруге бағытталған. Конституциялық заңның жобасы облыс, аудан, қала, ауылдық елді мекендер санаттарын белгілеуді, оларды құру және қайта құру бойынша құзыретті органдардың өкілеттіктерін айқындауды қамтиды, — деді вице-премьер.
Оның айтуынша, заң жобасы мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен орнықтылығын көздейді. Сонымен қатар, Конституциялық заң деңгейінде астананың мәртебесі айқындалатын болады.
— Бұл елорданың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді, қалалық ортаның сапасын, қала тұрғындарының өмір сүруінің жайлылық деңгейін және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Бұдан басқа конституциялық заң жобасы елордадағы жергілікті басқарудың ерекшеліктерін, мәслихат пен әкімдіктің қала құрылысы, көші-қон, көлік, жер және тағы басқа мәселелерді көздейді. Қазіргі уақытта әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы және астананың мәртебесі туралы конституциялық заң жобаларына реттеуші саясаттың консультативтік құжаттары мемлекеттік органдармен келісілді және «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында орналастырылды. Белгіленген рәсімдерге сәйкес заң жобалары Парламент Мәжілісінің қарауына осы жылдың сәуір айының соңына дейін енгізілетін болады, — деді Серік Жұманғарин.
Айта кетейік, Үкімет жаңа Конституция нормаларын жүзеге асыру жолдарын талқылап жатыр.