Іс-шаралар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты - мәдени-әлеуметтік және спорттық шаралардың мазмұнын жаңарту, балаларға арналған цифрлық жобаларды дамыту, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды заманауи форматта дәріптеу.
Осы іс-шаралар аясында наурыз айының 19-ы күні сағат 11:00-де ел аумағындағы мектептерде, қосымша білім беру ұйымдары мен колледждерде «Күй күмбірі» республикалық домбырашылар акциясы өтеді.
Айта кетейік, бүгін – наурызнаманың бастауы болып есептелетін Амал мерекесі.
Елімізде Ұлыс мерекесін жаңа форматта тойлау үшін 14-23 наурыз күндері Наурызнама онкүндігі деп жарияланды. Әр күн қазақ мәдениетін, қоғамның рухани байлығын көрсететін белгілі бір тақырып пен құндылыққа арналады. Онкүндік қайырымдылық пен мәдени шаралардан бастап, ұлттық салт-дәстүрлер мен экологиялық акцияларға дейін қоғамның барлық саласын қамтуға бағытталған. Осы Наурызнаманың алғашқы күні батыс өңірлерде сақталып қалған, жылдан-жылға аясы кеңейіп келе жатқан Амал күніне дөп келді.
Амал мерекесі, көрісу салты — бұрыннан бар, қазаққа ортақ дәстүрдің үрдісі.