Еліміздің қай өңірінде жаңа стадион салынып, ескілері жаңартылады

Фото: Canva

АСТАНА. KAZINFORM – Осы жылдың наурызында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың 4-отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде футболды дамыту мәселесіне назар аудартқан болатын.

- Елімізде футболды дамытуға баса мән беру керек деп санаймын. Демеушілер қаржысы есебінен облыстық стадиондардың көпшілігін жаңғырту қажет немесе жаңа футбол стадиондарын салуды қолға алған жөн. Бұл мәселені бақылауда ұстаймын, - деген еді Президент.

Осыған орай Спорт және туризм министрлігіне сауал жолдап, еліміздің қай өңірінде жаңа стадион салынып, ескілері жаңартылатындығын сұрап білген едік.

Сонымен ведомство мәліметінше, республикада 28 негізгі стадион жұмыс істейді. Бұл ретте 14 жаңа стадион салу қажет. Жұмыс істеп тұрған 11 стадион жөндеуді немесе қайта жаңартуды талап етеді.

Жалпы, бүгінде 9 стадион салу үшін қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Оның ішінде мына екі нысанның құрылыс жұмыстары қолға алынған:

  • Қызылорда қаласында 10 мың орын трибунасы бар (жер учаскесінің ауданы - 0,75 гектар) стадион, аяқталу мерзімі - 2025 жылғы шілде;
  • Астана қаласында (Қ. Мұңайтпасов атындағы) шамамен 3 600 орын (жер учаскесі - 2,19 гектар) трибуналары бар, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі - 2026 жылдың І тоқсаны.

Сонымен қатар мына қалаларда 7 стадион бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу қолға алынған:

  1. Ақтөбе қаласында 35 мың орындық, жер учаскесінің ауданы - 25 гектар, сараптама қорытындысын алу мерзімі - 2025 жылғы желтоқсан;
  2. Петропавл қаласында (Береке шағын ауданында) УЕФА-ның үшінші санатты 5 000 орындық футбол аренасы (футбол академиясымен), жер учаскесінің ауданы - 10,0 гектардан астам, сараптама қорытындысын алу мерзімі - 2025 жылғы желтоқсан;
  3. Атырау қаласында 12 мың орындық, жер учаскесінің ауданы - 9,9 гектар, сараптама қорытындысын алу мерзімі – осы жылдың қыркүйегі;
  4. Ақтау қаласында 10 мың орындық, жер учаскесінің ауданы - 12 гектар, сараптама қорытындысын алу мерзімі - 2025 жылғы желтоқсан;
  5. Шымкент қаласында 35 мың орындық, жер учаскесінің ауданы - 20,1 гектар, сараптама қорытындысын алу мерзімі - 2025 жылғы желтоқсан;
  6. Семей қаласында 12,5 мың орындық, жер учаскесінің ауданы - 5,84 гектар сараптама қорытындысын алу мерзімі - 2025 жылғы желтоқсан;
  7. Өскемен қаласында 5 мың орындық жабық стадион, жер учаскесінің ауданы – 9,8 гектар, сараптама қорытындысын алу мерзімі - 2025 жылғы қыркүйек.

- Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жергілікті бюджеттерден қаржыландырылады. УЕФА талаптарына сәйкес келетін 5 жаңа стадион салуға қатысты (10 мың және одан да көп орындық трибуналары бар) мәселе бойынша шешім қабылдау сатысында тұр, - деді министрліктен.

Фото: Үкімет

Министрлік Астана қаласында құны 13 млрд теңге болатын 30 мың орынға арналған «Астана-Арена» және Петропавл қаласында құны 1,6 млрд теңге болатын «Қарасай» стадионын (2-кезең) жаңарту жұмыстары аяқталғанын атап өтеді.

Фото: СҚО әкімдігі

Мұнан бөлек, жеке инвесторлар есебінен екі қалада стадион салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Нақтырақ айтқанда, Орал қаласында (Атоян атындағы) 8 320 орындық және Ақтау қаласында («Жас Қанат») 3 275 орындық трибуналары бар стадион құрылысына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындылары алынған.

Фото: Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы

Сондай-ақ Атырау қаласындағы «Мұнайшы» стадионын реконструкциялауға және Алматы қаласындағы Орталық стадионды жаңартуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Фото: olympic.kz

Ал Шымкент (Қ. Мұңайтпасов атындағы стадион), Қарағанды («Шахтер»), Өскемен («Шығыс»), Жезқазған («Металлург»), Павлодар («Орталық») қалаларында стадиондарға қатысты жобалау-сметалық құжаттама алдағы уақытта әзірленбек.

Фото: Ақорда

Айта кетсек, жуырда Мемлекет басшысы елордада жеке инвестордың қаржысына салынып, биыл пайдалануға берілген Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенін аралап көрді.