Қасым-Жомарт Тоқаев Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенін аралап көрді
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы жеке инвестордың қаржысына салынып, биыл пайдалануға берілген көпфункциялы ғимараттың қызметімен танысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Елордада орналасқан кешенде түрлі деңгейдегі спорттық іс-шаралар, сондай-ақ халыққа арналған сауықтыру және демалыс бағдарламалары ұйымдастырылады.

Нысан аумағында футзал, волейбол мен баскетбол алаңдары, бокс, дзюдо, қазақ күресі және басқа да спорт түрлерімен шұғылдануға арналған жекпе-жек залдары бар.


Президент бұқаралық спортты дамыту үшін осындай кешендерді көптеп салу қажет екенін айтты. Сондай-ақ жас боксшылармен және футболшылармен әңгімелесіп, олардың келешекте әлем, олимпиада чемпиондары болуына тілектестік білдірді.


– Бұл үшін, ең алдымен, еңбек ету керек, табандылық қажет. Жеңіске тек еңбекқорлық қана жеткізеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жас боксшылармен әңгімелесіп, олардың келешекте әлем, олимпиада чемпиондары болуына тілектестік білдірді.
Айта кетелік грек-рим күресінен Азия чемпионатында қазақстандық жастар 3 алтын алды.