Елімізге АЭС қажет пе – Оралда қоғамдық талқылау өтті
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу жоспары талқыланды. Шараға облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы билік органдары мен қоғамдық кеңестердің, табиғатты қорғау ұйымдарының өкілдері, энергетика саласындағы жетекші мамандар, ғалымдар мен облыс орталығының белсенді тұрғындары жиналып, АЭС құрылысына қатысты өз пікірлерін білдірді.
Жиынды жүргізген БҚО қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Салықов АЭС құрылысына байланысты түрлі пікірлер бар екендігін, соңғы шешім алдағы күзде болатын бүкілхалықтық референдум қорытындысына сәйкес қабылданатынын атап өтті.
АЭС салу не үшін қажет?
ҚР Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалованың мәлімдеуінше, АЭС болашақта елімізді электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін қажет. Сол себепті оң шешім қабылданған жағдайда 2 реакторы бар, қуаттылығы 2 200 МвТ атом электр стансасын салу қарастырылуда.
«Қазіргі таңда бүкіл әлем жасыл энергетикаға көшіп жатыр. Жаңартылған энергетика көздері де жасыл энергетикаға жатады. Қазақстанда 148 нысан жұмыс істейді. Олардың ішінде жел, күн, су электр стансалары бар. Бұлардың өнімі 2023 жылы Қазақстанда өндірілген барлық энергия өнімінің 6 пайызын құрады. Жаңа жобалар қолға алынып жатыр. Алайда жаңартылған энергетика көздерінің бір кемшілігі бар. Жел жоқ кезде энергия жоқ, күн жоқ кезде энергия жоқ. Сондықтан 24 сағат бойы тұрақты жұмыс істейтін электр стансаларын қарастыру керек. Себебі өндіріс жаңартылған энергияға сене алмайды. Зауыттарды салып, инвесторларды тарту үшін де тұрақты энергия көзі керек. Сол себепті әлем атом энергетиикасына бет бұруда. Дүние жүзінде 416 реактор жұмыс істейді. Бір АЭС-та 4-6 реакторға дейін болады. Бұл жөнінен АҚШ алда тұр. Сондай-ақ Франция энергияның 70 пайызын АЭС-тардан алады. Германия мұндай станцияларды жауып жатқанымен, энергияны көршілес елдерден сатып алуға мәжбүр. Біз де шет елге тәуелді болмау үшін осы мәселені қарастырып жатырмыз», - деді Г.Мұрсалова.
Ең бастысы – нысан салынса, қауіпсіз болуы керек
Жиында сондай-ақ «Қазақстандық Атом электр станциялары» ЖШС-нің бас директоры Тимур Жантикин барлық қауіпсіздік талаптарына жауап беретін реакторлардың таңдалатынын, Қазақстанда уран қоры мол болғандықтан, оны елімізде пайдаланудың маңызы зор екендігін жеткізді.
ҚР «Ұлттық ядролық орталығы» РМК атом энергиясы институтының директоры Ерболат Қоянбаевтың айтуынша, салынуы мүмкін атом электр стансасында ең алдымен қауіпсіздікке баса көңіл бөлінеді.
«Қазақстанда ІІІ+ буынындағы реакторлар қарастырылып отыр. Мұның қауіпсіздігі өте жоғары. 10 млн жылда бір рет оқиға болуы мүмкін. Мұндай реактор 8 балдық жер сілкінісіне, қатты жел мен дауылға төтеп береді. Герметикалық төзімділігі де мықты», - деді Е.Қоянбаев.
«Атом электр стансасын салу – өте өзекті мәселе. Оны салу керектігін қолдаушылар басым деп ойлаймын. Қолдамайтындар да жоқ емес. Ол, бір жағынан, Семей атом полигонының зардабына байланысты. Бірақ екеуі екі түрлі мәселе, жұмыс істеу бағыты да басқаша. Семейде ядролық қару сыналса, атом электр стансасында энергия өндіріледі. Бірқалыпты жұмыс істеп тұратын нысанда жылу да өндіруге болады. Атом электр стансасы салынса, экологияға да әсер етеді. Одан көмір қышқыл газы мен радиация шықпайды. Бұл елде 7-10 млн тоннаға дейін көмір қышқыл газын азайтуға септеседі. Екіншіден, уран қорын өзіміздің игілігімізге неге пайдаланбасқа!? Үшіншіден, тұрақты энергия көзі болса, өнеркәсіп орындарын ашуға, инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Нысан құрылысы кезінде 8-10 мың, пайдаланған уақытта 2 мыңға дейін жұмыс орны ашылады. Стансаның нақты орны әлі айқындалған жоқ. Біздің ұсынып отырған жеріміз – Алматы облысында Үлкен деген ауыл, Балқаш көлінің жағасында. Ол маңда подстанса да бар», - деді «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-ның жетекші инженері Асуан Сиябеков.
Жиында энергетика саласының ардагері Жетібай Отарбаев, «Нарын қасіреті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайролла Сабиров, зейнеткер-журналист Тихон Әліпқали және басқа тұрғындар АЭС салу бойынша ұсыныс-пікірлерін білдіріп, оның, әсіресе, Қазақстан үшін қауіпсіз болуы керектігін атап көрсетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын АЭС құрылысы референдумда шешілетін мәселе екендігін жазған болатынбыз.