Елімізге вейп әкелгендер ақталған: сот шешімі қайта қаралады

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысындағы автомобиль өткізу пунктінде көлік құралын тексеру кезінде Қазақстанға әкелуге тыйым салынған электрондық темекілер — вейптер анықталған.

Фото: pexels

Бірінші сатыдағы сот екі сотталушыны вейптерді заңсыз сату және тарату бойынша кінәлі деп танығанымен, оларды электрондық темекілерді елге заңсыз әкелу эпизоды бойынша ақтаған.

Сот материалдарына сәйкес, вейптер анықталған өткізу пункті Қазақстан аумағында орналасқан. Осыған байланысты көлікпен Мемлекеттік шекараны кесіп өту фактісінің өзі тауардың ел аумағына әкелінгенін білдіреді, яғни кейіннен шекаралық бақылаудан өткен-өтпегені әкелу фактісін жоққа шығармайды.

Прокурордың наразылығын қараған кассациялық сот бірінші сатыдағы сот актілерінің вейптерді заңсыз әкелу эпизоды бойынша ақтау бөлігіне қатысты күшін жойды.

Іс осы бөлігінде жаңадан қарауға жіберілді.

Еске салайық, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі жыл басынан бері заңсыз сауданың 25 дерегін тоқтатып, 276 мыңнан астам электронды тұтыну жүйесін тәркілегенін жазған едік.