Бұл талаптан артық делдалдардың қатысуы тиімсіз делдалдық ретінде қарастырылады. Бұл туралы AIMAQ подкастында Астана қалалық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркебұлан Тағашев айтты.
Оның айтуынша, сауда орындарын жаңғырту мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Базар әкімшіліктеріне талаптар түсіндіріліп, олармен тиісті жұмыстар жүргізілген. Алайда ескертулерге қарамастан, кейбір нысандар жаңғырту жұмыстарын аяқтамаған.
— Біз саудагерлерді бірнеше рет шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ кейбірі талапты орындамайды. Айыппұл салынғаннан кейін ғана қозғала бастайды. Қазір үш сауда орнына 430 мың теңгеден айыппұл салынды. Ал нұсқаманы орындамаған жағдайда айыппұл көлемі 100 АЕК-тен басталады, — деді Еркебұлан Тағашев.
Оның сөзінше, сауда орындарын жаңғыртудың негізгі мақсаты — сауданы белгіленген талаптарға сәйкестендіру және сауда инфрақұрылымын ретке келтіру. Сонымен қатар департамент отандық өндірушілердің өнімдерін сауда сөрелеріне орналастыру мәселесін де бақылауда ұстап отыр.
— Сауда қызметін реттеу туралы заңға сәйкес, сауда сөрелеріндегі тауарлардың кемінде 30 пайызы қазақстандық өнім болуы керек. Егер сауда желілері отандық өндірушілерге сөрелерден орын беруге кедергі келтірсе, оларға да шара қолдануға құқылымыз, — ол.
Айта кетелік елордада картоп бағасы сегіз делдалдан өткенде үш есеге жуық қымбаттаған.