Елордада картоп бағасы сегіз делдалдан өткенде үш есеге жуық қымбаттаған

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде азық-түлік өнімдерін жеткізу тізбегіндегі делдалдар саны екі буыннан аспауы тиіс. Бұл талаптан артық делдалдардың қатысуы тиімсіз делдалдық ретінде қарастырылады. Бұл туралы AIMAQ подкастында Астана қалалық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркебұлан Тағашев айтты.

Елордада картоп бағасы сегіз делдалдан өткенде үш есеге жуық қымбаттаған
Фото: Kazinform/ЖИ

Департамент басшысының атап өтуінше, ауыл шаруашылығы өндірушілері өнімді өсіріп, жинағанымен, оны сақтау, қажетті құжаттарын рәсімдеу және сауда желілеріне жеткізу мәселесінде қиындықтарға тап болады. Мұндай жағдайда делдалдар фермерлерге логистика, құжат рәсімдеу және өнім сапасын зертханалық тексеруден өткізу бағытында көмектеседі.

— Делдалдың барлығы бірдей тиімсіз емес. Олардың арасында өндірушілерге нақты қызмет көрсетіп, өнімді сауда желілеріне жеткізуге көмектесетіндері бар. Ал бір тауар бірнеше делдалдың қолынан өтіп, әрқайсысы үстінен үстеме қосатын болса, бұл тиімсіз делдалдық болып саналады. Мұндай жағдайларға қатысты шара қолданамыз, — деді ол.

Астана қалалық инестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев аталған бағыттағы жұмыстың нәтижесінде картоп бағасына қатысты осындай жағдай анықталғанына тоқталды. Оның мәліметінше, мониторинг барысында сауда желісіне жеткізілген картоптың сегіз делдалдың қолынан өткені белгілі болған. Олардың әрқайсысы тауар бағасына 30-40 теңгеден қосып отырған. Соның салдарынан бастапқыда 100 теңге болған картоптың бағасы жеткізу тізбегінде шамамен үш есеге жуық қымбаттаған.

— Біз бұл мәселені комиссия отырысында қарадық. Нәтижесінде сауда желісі аталған жеткізушімен келісімшартты бұзып, тікелей фермерлермен келісім жасасты. Мұндағы мақсат — бағаны тұрақтандыру. Мұндай мысалдар ет және көкөніс өнімдері бойынша да кездеседі, — деді Мақсат Жаңабаев.