«Биыл қала бойынша 11 қар полигоны айқындалды. Биылғы 22 желтоқсандағы жағдай бойынша қала аумағынан 325 686 текше метр қар шығарылды, 8 580 текше метр құм-тұз қоспасы төселді. Күн сайын қаланың жолдары мен көшелерінде «Астана Тазалық» ЖШС-нің 500-ден астам техникасы мен 400 астам жұмысшысы еңбек етеді. Оның негізінде 14 мың текше метр құм-тұз қоспасы және 350 тонна көктайғаққа қарсы реагент дайындалды», - деді Бауыржан Бейсенқанов әкімдіктегі онлайн брифингіде.
Оның айтуынша, 2020 жылдың 22 желтоқсанындағы жағдай бойынша «Астана-Энергия» АҚ-ның көмір қоры 325 647 тоннаны құрады (ЖЭО-1- 43 554 тонна, ЖЭО-2- 282 093 тонна).
«2019-2020 жылдар кезеңінде қала бойынша 105 қар тазалау техникасы сатып алынды. Сонымен қатар, 2020 жылдың соңына дейін «Астана-Тазалық» ЖШС қосымша 70 қар тазалау техникасын сатып алуды жоспарлап отыр», - деді департамент өкілі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Бауыржан Бейсенқанов елорда маңындағы автожолдарда жолаушыларды құтқару бекеттері туралы айтқан болатын.