Оның сөзіне қарағанда, жыл басынан бері Байқоңыр ауданында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 60-тан астам құқық бұзушылық анықталып, қорғау жөніндегі 170 нұсқау шығарылды. Тұрғындардың ақпараты арқылы отбасында жанжал шығаратын 185 адаммен алдын алу іс-шаралары жүргізіліп, зардап шеккен 112 әйелге әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілді.
«Мәселен, ішімдікке масайған ер адам үйінде жанжал шығаруды, әйеліне күш көрсетуді әдетке айналдырған. Дегенмен әйелі бұл жағдайларды құқық қорғау органдарына хабарлағысы келмеген. Аталған факті жайында ПИК өкілдерінен хабардар болдық. Осы орайда ер адам 6 ай мерзімге Наркология орталығына стационарлық емделуге жіберілді. Осындай оқиғалар жиі кездеседі», - деді басқарма басшысы брифинг барысында.
Осыған байланысты ол ПИК өкілдері мен қала тұрғындарын осы тектес құқық бұзушылық жағдайлары туралы «102» қызметіне немесе учаскелік инспекторға хабарлауға шақырды.
Белгілі болғандай, учаскелік инспекторлар қызмет көрсететін ұйымдар мен белсенді тұрғындар қамтылған 491 чатқа қосылған. Осылар арқылы полицейлер 120-дан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті, 15 адам Наркология орталығына жіберілген. Сонымен қатар, отбасында жанжал тудыратындарға қатысты 26 нұсқау шығарылған, ал 150 тұрғынға құқықтық көмек көрсетілді.
Бұдан бөлек Дәурен Қазбеков көңіл көтеретін орындар тарапынан түнгі уақытта тұрғындардың тыныштығын бұзуы жағдайлары туралы айтып берді. Демалыс орындарына қатысты «102» пультіне қаңтар айында 133 шағым келіп түсті. Осы орайда тыныштықты бұзғаны үшін 93 әкімшілік іс қоғалды.
Оның айтуынша, қазіргі кезде аудандағы тұрғындардың саны 240 мың адамнан асты. Осыған байланысты тағы да 20 учаскелік инспекторды жұмысқа алу қажеттігі туындап отыр.