Елордада 11 медициналық мекеме салынады

Фото: Астана әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында салынып жатқан медициналық нысандар туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

– Кейінгі 10 жылда елордада босану саны 35%-ға артты. Сондықтан қалалық акушерлік стационарлар шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп келеді. Осы мәселені шешу үшін қалада әрқайсысы 250 орынға арналған екі перинаталдық орталық ашылады. 

Алғашқы перинаталдық орталық «Самұрық-Қазына» АҚ қаражаты есебінен салынады. Қазіргі уақытта құрылыс жұмысы жүріп жатыр, нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Екінші перинаталдық орталық бойынша биыл жобалау жұмысын аяқтау, ал нысанды 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. 

Жедел медициналық жәрдемді дамыту аясында жақын уақытта №2 қалалық көпбейінді аурухана жанындағы қабылдау-диагностикалық кешенінің (ҚДК) құрылысы аяқталады. Бұл жедел медициналық жәрдемнің қолжетімділігі мен көрсетілу жылдамдығының артуына мүмкіндік беріп, стационарлық көмектің флагманына айналады.

Сол сияқты «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қолдауымен Сарыарқа ауданындағы №3 жаңа көпбейінді қалалық аурухананың (КҚА-3) жобалау жұмысы жалғасып жатыр, - деді Жеңіс Қасымбек. 

Өз кезегінде қала әкімі балаларға көрсетілетін жедел медициналық көмекке ерекше назар аударылатынын ерекше атап өтті. 

– 2026 жылдың 15 ақпанына дейін Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында Нұра және Есіл аудандары үшін балаларға арналған травматологиялық пункт жұмысын бастайды. Бұл оң жағалауда орналасқан қолданыстағы балалар травмпунктіне түсетін жүктемені едәуір азайтып, балаларға арналған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді, - деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Астана қаласының әкімі жалпы алғанда, елордада денсаулық сақтау саласына қатысты 11 жаңа нысанның құрылысы көзделгенін де тілге тиек етті. Олардың қатарында республикалық орталықтар, көпсалалы ауруханалар, емханалар және қосалқы жедел жәрдем станциялары бар екенін айтты. 

Еске салсақ, осыған дейін Астана маңына экопарк салатын бес аумақ ұсынылғанын жазған едік.