Елордадағы «Жетісу» саябағында Абай күніне орай «Ашық алаң» атты ауқымды ақпараттық-түсіндіру акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараны «QAMQOR-ASTANA» қоғамдық қоры Астана қаласы әкімдігінің Дін істері басқармасының ресми қолдауымен өткізді.
Кездесудің басты мақсаты — елорда тұрғындарының діни сауаттылығын арттыру, дәстүрлі әрі ұлттық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ азаматтардың деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсуінің алдын алу.
— Іс-шара Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген тағылымды сөзімен үндес ұран аясында өтті. Әсіресе жас ұрпаққа ерекше көңіл бөлінді. Олар үшін Отанға, отбасылық құндылықтарға және білімнің маңызына арналған мақал-мәтелдер сайысы ұйымдастырылды. Қызықты викториналар, танымдық ойындар мен интерактивті сабақтар қатысушылардың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, халықтың бай тарихи және мәдени мұрасы туралы түсінігін арттыруға мүмкіндік берді, — делінген таратылған ақпаратта.
Бағдарламаның негізгі бөлігі «сұрақ-жауап» форматындағы арнайы ақпараттық сессия болды. Мамандар мен сарапшылар қала тұрғындарына діни сауаттылықтың негізгі қағидалары, Қазақстан Республикасының дін саласындағы қолданыстағы заңнама талаптары туралы айтып, радикалды және деструктивті идеологиялардың ықпалына ұрынудың белгілері мен қауіптерін түсіндірді. Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, білікті мамандардан нақты жауап алды.
Ақпаратты бекіту мақсатында волонтерлер саябаққа келген тұрғындарға үш мыңнан астам ақпараттық брошюра таратты. Баспа материалдарында пайдалы кеңестер, сенімді әрі тексерілген ақпарат көздерінің тізімі, Қазақстан аумағында қызметіне тыйым салынған террористік және экстремистік ұйымдардың тізімі, сондай-ақ заң талаптарына қатысты түсіндірмелер қамтылды.
Сонымен қатар алаңда тақырыптық бейнероликтер көрсетілді. Акция соңында жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Зияткерлік және шығармашылық байқауларда үздік шыққандарға, сондай-ақ іс-шараны өткізуге белсене атсалысқан волонтерлерге алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мәдени-ағартушылық жұмысты Абай мұрасын дәріптеумен және ашық диалогпен ұштастыру — қоғамдық келісімді нығайтып, елорда өңіріндегі рухани қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді тетіктерінің бірі.
Бұған дейін Абай күніне арналған іс-шараларға мыңнан аса әскери қызметші қатысқанын жазғанбыз.