Прокурордың айтуынша, биыл алкоголь сату талаптарын бұзған 1 023 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл былтырғы жылдық көрсеткіштен 12,7 пайызға көп. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 174,7 млн теңгеге жеткен.
— Алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмаған адамдарға немесе тыйым салынған уақытта сатқаны үшін айыппұл салынып, лицензияның қолданысы уақытша тоқтатылады. Бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, лицензиядан айыру көзделген, — деді Шерхан Шорабек Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Былтыр елордада алкоголь сату талаптарын бұзған 908 адам жауапкершілікке тартылып, 129,1 млн теңге айыппұл салынған. 781 лицензияның қолданысы уақытша тоқтатылып, 68 лицензияның күші жойылған.
Прокурордың айтуынша, бұл жұмыстың басты мақсаты — айыппұл санын көбейту емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау.
Бұған дейін Ұлытау облысында алкоголь сату тәртібін бұзған 82 кәсіпкер жауапқа тартылғанын хабарлаған едік.