Ұлытауда алкоголь сату тәртібін бұзған 82 кәсіпкер жауапқа тартылды

 

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлытау облысында жыл басынан бері алкоголь өнімдерін сату тәртібін бұзған 82 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Сот шешімімен 54 сауда нысанының лицензиясы тоқтатылды немесе олар лицензиясынан айырылды.

АҚШ-тың ЕО алкоголь өнімдеріне енгізген тарифтеріне бола 25 000 жұмыс орнының болашағы бұлыңғыр
Фото: Pixabay.com

Ұлытау облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жұмыстар «Айқын Нәтиже» жобасы аясында жүргізіліп жатыр. Облыс прокуратурасы полиция органдарымен бірлесіп, алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту және құқық бұзушылықтар деңгейін төмендету бағытында профилактикалық шаралар қабылдау үстінде.

Тексеру нәтижесінде 13 кәсіпкердің алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмағандарға сатқандығы анықталды. Тағы 69 кәсіпкер алкогольді заңда белгіленген уақыттан тыс уақытта саудалаған.

- Сонымен қатар облыста алкоголь өнімдерін сатудан және тұтынудан өз еркімен бас тарту тәжірибесі енгізіліп жатыр. Қазір мұндай мәртебе өңірдегі 27 ауылдық елді мекенде қалыптасқан. Бұл бастама қауіпсіз әлеуметтік ортаны қалыптастыруға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған, - делінген хабарламада.

Прокуратура мен полиция қызметкерлері алкоголь өнімдерін заңсыз сату деректерін анықтау үшін бірлескен рейдтерді тұрақты түрде өткізіп келеді.

Облыс прокуратурасы заңсыз сауда фактілерін, соның ішінде қайталанған құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмыстарын жалғастырады.

Ал Теміртауда заңсыз сауда орнынан 300 литрден астам алкоголь тәркіленді.