Теміртауда заңсыз сауда орнынан 300 литрден астам алкоголь тәркіленді

АСТАНА. KAZINFORM — Теміртауда полиция қызметкерлері заңсыз алкоголь мен темекі өнімдерін сатқан орынды анықтады. Тексеру барысында қолдан жасалған алкоголь, сыра, шарап, коньяк және темекі өнімдерінің ірі партиясы тәркіленді.

Теміртауда заңсыз сауда орнынан 300 литрден астам алкоголь тәркіленді
Фото: Polisia.kz

Рейдті полиция қызметкерлері жастар қозғалысының еріктілерімен бірлесіп, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткізген.

Шығыс полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары лицензиясыз, тиісті таңбалаусыз және шығу тегін растайтын құжаттарсыз алкоголь мен темекі өнімдерін сақтап, сату дерегін анықтады.

Заңсыз айналымнан 167 литр қолдан жасалған алкоголь, 121 бөтелке сыра, 17 бөтелке шарап және 10 бөтелке коньяк алынған. Бұдан бөлек, 9 блок темекі, 121 қаптама снюс және 117 қаптама насыбай тәркіленді.

Жиналған материалдар Теміртау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына жолданды. Мамандар заң бұзушылыққа құқықтық баға беріп, кінәлілерді жауапкершілікке тарту мәселесін қарайды.

Еске салайық, бұған дейін Оралда көліктен 400 литрге жуық заңсыз алкоголь өнімі табылғанын хабарлаған едік.