Елордада демалыс күндері мас күйде 38 жүргізуші ұсталды – полиция

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада демалыс күндері мас күйде көлік тізгіндеген 38 адам ұсталып, олардың бәрі де жүргізуші куәлігінен айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мас жүргізуші – қылмыскер» атты жедел алдын алу шараларының нәтижесінде жол ережесін бұзған 743 адам ұсталған. Оның 38 жағдайында жүргізушілердің мас күйде көлік айдағаны анықталған. Коммуналдық айып тұрағына 49 көлік жеткізілген.

«Мәселен жексенбі күні түнгі сағат екі жарымда патрульды полиция наряды ЖүНәжімеденов пен Ш.Қалдаяқов көшесінің қиылысында «ГАЗ 3302» автокөлігін тоқтатты. Автокөлік тізгініндегі 18 жастағы жігіттің мас екені белгілі болды. Жас жігіт медициналық куәландырудан өтті. Нарколог-дәрігердің қорытындысы бойынша жүргізуші жеңіл дәрежеде мас болған», - деп хабарлайды қалалық полиция департаментінен.

Ұсталған жүргізушілерге қатысты Әкімшілік кодекстің 608-бабы 1-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, олардың көліктері коммуналдық айып тұрағына әкетілді.

Сот қаулысына сәйкес олардың бәрі көлікті 7 жылдан 15 жылға дейін жүргізу құқығынан айырылды.