Кешкі уақытта «102» қызметіне қонақүйдің жанында ер адамға пышақтап кеткені туралы хабарлама келіп түскен.
«ЖШС-ның бірінде жұмыс істейтін жәбірленуші 34 жастағы жүргізуші экспедитор машинада отырғанда екі ер адам келіп, пышақпен қорқытып ақша талап еткені туралы айтып берген. Жүргізуші олармен төбелесіп, нәтижесінде пышақ жарақатын алған. Тонаушылар 5 миллионға жуық ақша салынған пакетті алып кеткен. Жарақаттанған жүргізуші қалалық ауруханаға жеткізілді», делінген хабарламада.
Полиция қылмыс жасалған орындағы барлық бейнебақылау камерасын қарап шықты. Бірақ жәбірленушінің жарақат салынған уақыт пен қылмыскерлердің іс-әрекетіне қатысты берген жауабының бір-бірімен сәйкес келмейтіні анықталды.
Полиция қызметкерлері жүргізушінің барлық қозғалыс бағытын қарап, пәтерін тінтіді. Пәтерден ұрланған ақша табылып, тәркіленді.
Жүргізуші экспедитор бұлтартпас айғақ ұсынылғаннан кейін қылмыс жасағанын мойындады. Қазіргі уақытта қылмыс жасалғаны туралы көрінеу жалған жеткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.