Елордада халықтан қару-жарақ сатып алу акциясы басталады

АСТАНА. 27 тамыз. ҚазАқпарат - Астанада халықтан заңсыз сақталып тұрған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу акциясы басталды. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

«Елордалық полиция қызметкерлері 1-30 қыркүйек аралығында халықтан заңсыз сақталатын қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу акциясын өткізеді», - делінген сейсенбі күні таратылған ақпаратта.

Елорданың ресми сайтының жазуынша, бір ай бойы қару-жарақ заттарын өз еркімен тапсырған қала тұрғындарына бір қару үшін оның түріне қарай 10-100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай қаражат төленеді.

Ведомствоның атап өтуінше, тіркелмеген қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.