Елордада көлік нөмірін ұрлағандар оны қайтару үшін ақша талап еткен

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда полициясына қала тұрғыны көлігінің нөмірі ұрланғанын айтып шағымданған. Бұл туралы ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Түнда оның Ресей Федерациясында есепте тұрған Toyota Estima маркалы көлігінің нөмірі ұрланған. Нөмірді ұрлап алушы көліктің алдыңғы әйнегінде нөмірді қайтару үшін 25 мың теңге ақша төлеуін талап еткені хат қалдырған. Онда ұрының Telegram аккаунты көрсетілген.

«Алматы» аудандық полиция басқармасының қызметкерлері көлік нөмірін ұрлаған екі бопсалаушыны анықтады. Олар Қарағанды облысының 33 және 35 жастағы тұрғындары болып шықты.

Күдіктілер Қарағанды қаласының аумағында ұсталды. Елордаға жеткізілген олар кінәсін мойындады. Ұрланған көлік нөмірі иесіне қайтарылды.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабымен («бопсалау») қылмыстық іс қозғалды. Қазір күдіктілердің бұрын елорда аумағында осыған ұқсас қылмыстарға қатысы анықталып жатыр.