Елордада коронавирусқа 29 мыңнан астам экспресс-тест жүргізілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова елордада инфекцияны анықтауға арналған зерттеулер туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус инфекциясын жұқтырғандарды анықтау бойынша шаралар жалғасуда. Қазіргі кезде ПТР тәсілімен 69 мыңнан астам зертханалық зерттеу жүргізілді. Қалада бес вирусологиялық зертхана жұмыс істеуде, олар тәулігіне 3,2 мың зерттеу жүргізуге қауқарлы. 29 443 экспресс-тест жүргізілді», - деді С. Қисықова онлайн баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, 15 мамырдағы жағдай бойынша елордада коронавирус инфекциясын жұқтырған 1 173 адам анықталды. Оның ішінде 588 адам немесе 44 пайызы емделді. Жағдайдың ауырлығына қарай: төрт пайызы ауыр, 17 пайызы орташа, 79 пайызы жеңіл дәрежеде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы коронавирус инфекциясынан қайтыс болған екі адам туралы ақпарат берді.