Елордада мектеп оқушылары өздері жасаған инкубатордан балапан шығарды

Фото: Астана әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының жас зерттеушілері ерекше жетістікке жетті. «Адал Азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының «Smart Bala» жобасы аясында №111 жалпы орта білім беретін мектептің 8-сынып оқушылары Перизат Кеңесбек пен Айжан Жасан, жетекшілері Алтынай Жолбасова мен Айнұр Кошкарованың қолдауымен қолдан инкубатор жасап, алғашқы балапандарды дүниеге әкелді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Инкубация құс шаруашылығында маңызды процесс саналады. Оқушылар бұл тәжірибеге үлкен жауапкершілікпен қарап, бір айға жуық уақыт бойы барлық талапты сақтай отырып, үздіксіз бақылау жүргізді. Инкубатордағы температура мен ылғалдылық күнделікті тексеріліп, жұмыртқалардың даму кезеңдері мұқият жазылып отырды.

2025 жылдың 26 қаңтарынан бастап жоба нақты нәтижесін беріп, алғашқы балапандар жарыққа шықты. Бұл оқиға жас зерттеушілер үшін маңызды ғылыми жетістік саналады. Өздері жасаған құрылғының жұмыс істеп, тіршіліктің пайда болуын көру оқушыларға тәжірибелік білімнің маңыздылығын көрсетті. 

Жоба барысында оқушылар:

– инкубатордың құрылымы мен жұмыс істеу принципін меңгерді;

– температура мен ылғалдылықтың маңызын тәжірибе жүзінде бақылады;

– жұмыртқаның даму кезеңдерін зерттеді;

– теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, нақты нәтижеге қол жеткізді;

– жауапкершілік пен ұқыптылыққа үйренді;

– табиғат заңдылықтарын тереңірек түсінді;

– тәжірибелік бақылау жүргізу дағдыларын дамытты.

Бұл жоба оқушылардың ғылымға қызығушылығын арттырып, теориялық білімді нақты өмірмен байланыстыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар еңбекке баулу, зерттеушілік қабілеттерді дамыту және жауапкершілік сезімін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Еске сала кетейік, Астанада демалыс күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтетінін жазғанбыз.