Ішкі істер министрінің бұйрығымен елордалық 5573 әскери бөлімінің ефрейторы Аслан Қожахметовке «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі табыс етілді.
Сондай-ақ, Ұлттық ұлан жауынгері осы әрекеті үшін Төтенше жағдайлар министрінің алғыс хатымен де марапатталған.
Естеріңізге сала кетейік, 10 маусымда әскери қызметші қою түтінді байқап, айқайлап көмекке шақырған әжейдің дауысын естиді. Дереу түтін шыққан пәтерге жүгіріп келіп, ас үйден өртті өз күшімен сөндіруге тырысып жатқан баланы көреді. Жағдайды бағалаған Аслан бірден баланы қауіпсіз жерге алып шығады. Жол-жөнекей өрт сөндіру қызметіне хабарласып, өрт шыққан кіреберістің (подъездің) басқа да тұрғындарын эвакуациялауға көмектеседі.