Елордада ресми 1341 мопед тіркеліп, куәлік берілді

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада мопедтерді тіркеу процесі жалғасып жатыр.

— 2025 жылғы 15 сәуірге дейінгі мәлімет бойынша Астанада 1341 мопед тіркелді, тіркеу процесі жалғасып жатыр. Азаматтар мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына мопедтің құжаттары мен техникалық сипаттамасын алып барады. Тексеруден өткеннен кейін мемлекеттік баж төлейді және мопедті тіркеуге қою үшін өтінім толтырады. Содан соң мемлекеттік нөмір мен тіркеу куәлігі беріледі, — деді Астана қаласының Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының мемлекеттік авто-инспекторы Бекмұрат Ергеш Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ мопед жүргізу үшін А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігі болуы шарт.

— Сонымен қатар мопедті Полиция органдарында тіркеу, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру полисі мен техникалық байқаудан өткені туралы құжат қажет, — дейді ол.

Айта кетейік, ел аумағында биыл 5 сәуірге дейін мопедтерді ресми тіркеу міндеті қойылды. Осы орайда тіркемегендерге қандай жауапкершілік көзделгенін жазған болатынбыз.

Бірнеше күн бұрын Алматыда мопедтерді тіркеу процесіне рейд жүргізілді. 

Еске салайық, жол ережесін бұзған мопед жүргізушілеріне жаза қатаңдатылады