Елордада Тәуелсіздік даңғылы мен Ш. Қалдаяқов көшесінің қиылысы уақытша жабылады

АСТАНА. KAZINFORM — Тәуелсіздік даңғылының Ш. Қалдаяқов көшесінен Ж. Нәжімеденов көшесіне дейінгі учаскеде жол төсеміне жөндеу жұмыстары жүргізілетіні туралы хабарлаймыз. Осыған байланысты, ағымдағы жылдың 22-23 мамыр күндері аталған учаскеде көлік қозғалысы ішінара шектеледі. Бұл туралы «City Transportation Systems» ЖШС мәлім етті.

Фото: Александр Павский\Kazinform

— Сонымен қатар, 22 мамыр күні сағат 21:00–ден 23 мамыр күні сағат 08:00–ге дейін Тәуелсіздік даңғылы мен Ш. Қалдаяқов көшесінің қиылысы толық жабылады. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден маршруттарды алдын ала жоспарлауды және қозғалысты ұйымдастырудағы ықтимал өзгерістерді ескеруді сұраймыз, — делінген хабарламада.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қолайсыздықты азайту үшін уақытша жол белгілері мен көрсеткіштер орнатылатын болады.

— Осы өзгерістерге түсіністікпен қарауды және қала бойынша қозғалыстарды жоспарлау кезінде оларды алдын ала ескеруді сұраймыз, — делінген «City Transportation Systems» ЖШС хабарламасында.

Бұған дейін бүгін елордада екі автобустың қоғалыс бағыты уақытша өзгергенін жаздық.

Елордада сондай-ақ Керей Жәнібек хандары көшесінің Ә. Бөкейхан көшесінен Ш. Мұртаза көшесіне дейінгі учаскеде жол төсеміне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты, ағымдағы жылдың 21-25 мамыр аралығында аталған учаскеде қозғалыс толықтай жабылды.