Елордада тұрғын үй қаптамасының құлауы ісі: тергеу амалдары жанданады

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов былтыр күзде елордадағы тұрғын үйде кірпіш қаптамасының құлауы бойынша істің тергелуінің мән-жайын айтты.

Фото: әлеуметтік желідегі куәгерлер

— Кешенді сот-құрылыс сараптамасының қорытындысы әлі дайын емес. Жақын арада бұл сараптама дайын болса, тергеу жұмыстарын жандандырамыз және заңды шешім қабылданады, — деді Санжар Әділов Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Естеріңізге сала кетсек, 8 қарашада елордада тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысының бөлігі құлап, салдарынан 5 адам зардап шекті. Зардап шеккендердің бәрі № 1 көпсалалы ауруханаға жеткізілді. 

18 қараша күні жарақат алған фельдшер Ұлдана Мырзуан көз жұмды

Бұл ретте екі қылмыстық іс қозғалды. Біріншісі — сапасыз құрылыс, ал екіншісі — қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтерді көрсету.