Оның айтуынша, елордада отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр. Әсіресе, мұндай жағдайлар бұрын тіркелген отбасыларға ерекше назар аударылады.
– Жыл басынан бері полиция қызметкерлері 10 мыңнан астам қорғау нұсқамасын шығарды. Бұдан бөлек, 900-ден астам адамға мінез-құлқына байланысты ерекше талап қойылды, - деді Алмагүл Исмағұлова.
25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтетін «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» халықаралық акциясы аясында полиция профилактикалық шараларды күшейтпек. Қызметкерлер қорғау нұсқамаларының орындалуын бақылап, профилактикалық есепте тұрған азаматтарды тексереді.
– Сондай-ақ өлтіремін деп қорқыту, қудалау және психологиялық қысым көрсету жағдайлары тіркелген отбасылар бақылауға алынады. Тұрғын үйлерді аралау барысында зорлық-зомбылықтың жасырын фактілері мен көмекке мұқтаж азаматтарды анықтауға басымдық беріледі, - деді бөлім бастығы.
Акцияға мемлекеттік органдармен қатар, психологтар, үкіметтік емес ұйымдар мен дағдарыс орталықтарының мамандары қатысады.
Айта кетейік, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған немесе өмірі мен денсаулығына қауіп төнген азаматтар полицияның 102 нөміріне хабарласа алады. Сондай-ақ 111 байланыс орталығы мен 150 сенім телефоны арқылы көмек сұрауға болады.
Бұған дейін Астанада жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 53 әйел мен 117 балаға көмек көрсетілгені хабарланды.