Астанада тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 53 әйел мен 117 бала көмек алған

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 53 әйел мен 117 балаға көмек көрсетілді. Бұл туралы елорда әкімдігіне қарасты «Үміт» дағдарыс орталығының директоры Ғалихан Қоқанбеков елордада өткен баспасөз мәлісінде айтты.

в
Фото: Kazinform

Оның айтуынша, орталықта қиын жағдайға тап болған әйелдер мен олардың балаларына уақытша баспана беріліп, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Мекеме 70 адамға арналған. Мұнда қызмет алушылар күніне бес мезгіл тамақпен қамтамасыз етіліп, арнаулы әлеуметтік қызметтердің сегіз түрін пайдалана алады.

– Жыл басынан бері орталықта 170 адамға, оның ішінде 53 әйел мен 117 балаға көмек көрсетілді. Мамандардың психологиялық қолдауы нәтижесінде қызмет алушылардың 85 пайызы әлеуметтік ортаға бейімделіп, отбасылық және қоғамдық өмірге қайта оралды, – деді Ғалихан Қоқанбеков.

Орталық мамандары әйелдердің жаңа өмір бастауына, қаржылық дербестікке қол жеткізуіне де көмектеседі. Биыл 25 әйел тұрақты жұмысқа орналасып, тағы 15-і кәсіпкерлік курстарға жіберілген.

Сонымен қатар, 20 адам тұрғын үй кезегіне тіркеліп, бес адамға жалдамалы баспана субсидиясы рәсімделген. Қаржылық қиындыққа тап болған 10 азаматқа соттан тыс банкроттық рәсімінен өтуге қолдау көрсетілген.

– Орталықта алимент өндіру, некені бұзу, құжаттарды қалпына келтіру және тұрғын үй мәселелері бойынша құқықтық көмек көрсетіледі. Қызмет алушылар орталықтан шыққаннан кейін де олармен байланыс үзілмейді. Мамандар олардың әлеуметтік жағдайын бақылап отырады, - деп түсіндірді орталық директоры.

Бұдан бөлек, биыл 20 адам медициналық көмек алып, қызмет алушылардың 10 баласы балабақшаға орналастырылған.

Ғалихан Қоқанбековтің мәліметінше, орталықтың тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефонына жыл басынан бері мыңнан астам өтініш түскен. Хабарласқан азаматтарға отбасылық мәселелер бойынша кеңес беріліп, қажетті қолдау көрсетілген.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен немесе қиын жағдайға тап болған азаматтар «Үміт» дағдарыс орталығына 8 (7172) 25-32-62 және 8 700 125 32 62 нөмірлері арқылы хабарласа алады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстар 10,4%-ға азайғаны хабарланды.