Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстар 10,4%-ға кеміді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнама күшейтіліп, оның алдын алудың жаңа тетіктері енгізілді. Соған қарамастан, сарапшылар тұрмыстық зорлықтың алдын алуда қоғамның бейжай қалмауы шешуші рөл атқаратынын атап өтеді.
Соңғы екі жылда елімізде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнама түбегейлі жаңартылды. Жауапкершілік қатаңдатылып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жаңа жүйе іске қосылды.
2024 жылғы сәуірде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң қабылданды. Соның нәтижесінде ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік қайта енгізілді.
Ал 2026 жылғы 2 наурызда күшіне енген «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң профилактикалық жұмысты жаңа деңгейге көтерді. Енді полициямен қатар отбасыны қолдау орталықтары, мобильді топтар, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдар біртұтас жүйе аясында жұмыс істейді.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биылғы тоғыз айда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікке тартылғандар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,4%-ға артқан. Ал осы саладағы қылмыстар 10,4%-ға азайған.
Бұл көрсеткіштер құқық қорғау жүйесінің тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарламаларға жедел әрекет ете бастағанын көрсетеді. Дегенмен сарапшылар статистиканы біржақты бағаламауға шақырады. Өйткені тіркелген хабарламалар санының өзгеруі зорлық-зомбылықтың нақты таралуымен қатар, азаматтардың көмекке жүгіну белсенділігіне де байланысты болуы мүмкін.
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы реформалардың жүргізілуіне қоғамдық сұраныс та ықпал етті.
Атап айтқанда, Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесін ашық талқылауға түрткі болды.
Бұл қайғылы оқиға ауыр қылмыстың алдында ескерту белгілері болуы мүмкін екенін және оларды дер кезінде байқау тек полицияның ғана емес, айналадағы адамдардың да жауапкершілігі екенін көрсетті.
Сарапшылар қайталанатын шағымдарды, қорқытуды, аңдуды, адамның жүріп-тұру еркіндігін шектеуді және қаржылық бақылауды зорлық-зомбылықтың қауіпті белгілері ретінде атайды.
Халықаралық тәжірибеде де тұрмыстық зорлық-зомбылық жеке отбасының мәселесі емес, адам құқықтарының бұзылуы ретінде қарастырылады.
Бұл ұстаным Біріккен Ұлттар Ұйымының Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенциясында, Бала құқықтары туралы конвенцияда және Еуропа Кеңесінің Ыстанбұл конвенциясында көрініс тапқан.
Әлемдік тәжірибеде зорлық-зомбылықтың алдын алудың тиімді тәсілдері ретінде қауіп-қатерді кешенді бағалау, полиция, дәрігерлер, педагогтер мен әлеуметтік қызметкерлердің бірлескен жұмысы, жәбірленушілерді жеке сүйемелдеу және мамандарды арнайы даярлау қолданылады.
Қоғам назарын осы мәселеге аударуға бағытталған халықаралық бастамалардың бірі – «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы.
1991 жылдан бері өткізіліп келе жатқан акция жыл сайын 25 қарашада басталып, 10 желтоқсан – Адам құқықтары күні аяқталады.
Бұл күндердің таңдалуы әйелдердің қауіпсіздігі адам құқықтарының ажырамас бөлігі екенін көрсетеді. 2026 жылы халықаралық акцияның басты бағыты зардап шеккендердің әділ сотқа қол жеткізуі мен кінәлі адамдардың жазасыз қалмауына жол бермеуге арналған.
Сарапшылардың пікірінше, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрестегі негізгі кедергілердің бірі – қоғамда қалыптасқан көзқарастар.
Журналист Ғазиза Райымбек бала кезінде зорлық-зомбылықтың куәсі болғанын және сол кезде ересектерден «бұл – отбасылық мәселе» деген сөзді естігенін айтады.
Оның тәжірибесі отбасындағы зорлық-зомбылықты сырт көзден жасыруға тырысатын көзқарастың әлі де кездесетінін көрсетеді.
Мәдениеттанушы Зира Наурызбай қыз алып қашуды ежелгі дәстүр ретінде ақтауға болмайтынын атап өтеді. Оның пікірінше, адамның еркінен тыс жасалған әрекетті романтика немесе дәстүр деп көрсету дұрыс емес. Мұндай әрекет зорлық-зомбылық болып саналады.
Мәслихат депутаты, жеті баланың әкесі Нұрлан Муслим де әйелге немесе балаға күш көрсетудің ер азаматтың қайратына ешқандай қатысы жоқ екенін айтады. Оның пікірінше, нағыз күш адамның жауапкершілігінен көрінеді.
Мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылық әрдайым дене жарақатымен немесе ашық агрессиямен байқала бермейтінін ескертеді.
Қаржы сарапшысы Рашида Егембаева жасырын қарыздар, отбасылық қаражатқа қол жеткізуді шектеу және адамның жұмыс істеуіне тыйым салу да назар аударуды қажет ететін белгілер екенін атап өтеді.
Бұл тұжырымдарды жуырда Tatulyq.kz жобасының брифингінде таныстырылған зерттеу нәтижелері де толықтыра түседі.
Психологтар Алина Асанова мен Жанна Орынбасар төрт сауалнама аясында жиналған 6 935 жауапты талдаған.
Нәтижесінде қатысушылардың шамамен әрбір екіншісі эмоционалдық шиеленісті бастан кешіретіні анықталған. Ал әрбір төртінші адамға жеке шекарасын қорғау қиынға соғады.
Сонымен қатар 500 адам қатысқан әлеуметтік сауалнама тұрғындардың басым бөлігі қауіп төнген жағдайда полицияға хабарласу қажеттігін білетінін көрсетті.
Алайда респонденттер психологиялық қысым мен экономикалық бақылауды әрдайым зорлық-зомбылық ретінде тани бермейді.
Бұл жағдай құқықтық тетіктердің тиімді жұмыс істеуі үшін азаматтардың зорлық-зомбылық белгілерін ажырата білуі маңызды екенін көрсетеді.
Мамандардың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда айналадағы адамдардың әрекеті де ерекше маңызға ие.
Мәселен, көрші пәтерден айқай-шу естілгенде жағдайға бейжай қарамау, жақын адамы жұбайынан қорқатынын айтса, оны мұқият тыңдап, сөзіне сену қажет.
Сондай-ақ жәбірленушінің әрекетінен кінә іздемеу, зорлық-зомбылықты «отбасының ішкі ісі» деп ақтамау, аңдуды романтикалық сезімнің көрінісі ретінде қабылдамау маңызды.
Сарапшылар агрессияға үнсіз қарау зорлық-зомбылықтың жалғасуына жағдай жасауы мүмкін екенін ескертеді.
Алдағы «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясы да қоғамда қауіпсіздік пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Мамандар бұл қағидалар тек халықаралық науқан кезінде емес, күнделікті өмірде де сақталуы керек екенін атап өтеді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілерін тануға және оның алдын алуға арналған ақпарат Tatulyq.kz платформасында да жарияланып келеді.
Аталған ресурста психологтардың, заңгерлердің және полиция сарапшыларының түсіндірме бейнероликтері, подкастар мен вебинарлар, сондай-ақ дағдарыс орталықтары туралы мәліметтер орналастырылған.
Жоба азаматтардың зорлық-зомбылық түрлері туралы білімін арттырып, өздерін және жақындарын қорғауға көмектесуді көздейді.
Қауіп төнген жағдайда азаматтар полицияның 102 немесе бірыңғай шұғыл қызметтің 112 нөміріне хабарласа алады.
Отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша 111 байланыс орталығына, ал балалар мен жастарға арналған 150 сенім телефонына жүгінуге болады.
Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін «Электронды қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын енгізуді ұсынған болатын. Бастама қауіп туралы сигналдарға полицияның жедел әрекет етуін және қабылданған шараларды цифрлық тіркеуді көздейді.