Елордада жігіт дүкеншіні пышақпен қорқытып ақшасы мен телефонын тартып алған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Күндіз елорданың Ж.Тәшенов көшесіндегі белгісіз біреудің дүкеншіні пышақпен қорқытып, 100 мың теңге ақшасы мен ұялы телефон алып кеткені туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полиция күдіктіні көп ұзамай ұстады.

Тергеу барысында 17 жастағы жігіттің дүкенге кіріп, жан-жағына қарап, дүкеншіден пышақты жақынырақ көрсетуін сұрағаны анықталды. Пышақты қолына алған соң, сатушыны қорқытып, ақша беруін талап еткен. Баукеспе өзіне қарсылық көрсетпек болған әйелдің қолын кесіп, кассадан ақша алып, дүкен сыртында тұрған «Тойота-Карина» маркалы көлікке мініп қашып кеткен.

Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері күдіктіні Кенесары-Республика көшелерінің қиылысында ұстады.

Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.