Елордада жыл басынан бері қанша рұқсат етілмеген қоқыс полигоны анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Медет Жалпыбаев нақты статистиканы мәлімдеді.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы / Kazinform

Ресми сауалымызға жолдаған жауабында ол алдымен былтыр атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– 2025 жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ ғарыштық мониторингінің нәтижесі бойынша, елорда аумағында 328 заңсыз орын анықталды. Жылдың соңына дейін әкімдік бұл учаскелерді толықтай жойды, – деді маман.

Ал биыл аталған компания әзірге мәлімет ұсынбаған.

– Дегенмен әкімдік қызметкерлері мониторинг жүргізді, оның нәтижесінде 72 учаске анықталды. Қазіргі таңда оларды жою бойынша жұмыстар атқарылып жатыр, – деді Медет Жалпыбаев.

Айта кетейік, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ жергілікті атқарушы органға дерек ұсынған соң, бұл статистика жаңартылады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан бойынша 411 рұқсат етілмеген қоқыс полигоны анықталғанын жазғанбыз.