Елордада жол-көлік апатынан 1 адам мерт болып, 4-еуі зардап шекті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы «Астаналық» базарының маңында 22 жастағы жүргізуші 60 жастағы жаяу жүргіншіні қағып өлтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

31 қазан күні сағат 13:33-те «Kia» маркалы автокөліктің 22 жастағы жүргізушісі Уәлиханов көшесінің бойымен келе жатып, қарсы бағытқа шығып кеткен. Онда жолдан өтіп бара жатқан екі жаяу жүргіншіні қаққан. Кейін инерциямен «Лада» көлігімен соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан 60 жастағы жаяу жүргінші алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Екінші жаяу жүргінші, «Лада» автокөлігінің екі жолаушысы және «Kia» жүргізушісі ауруханаға жеткізілді, кейіннен дәрігерлердің тексерісінен соң үйлеріне жіберілді.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.