- Бүгінде елорданың қоғамдық көлігі 10 автобус паркімен, оның ішінде бір коммуналдық автобус паркімен қамтылған, 117 бағдар бойынша қызмет көрсетеді. Оның ішінде: 83 – қалалық, 26 – қала маңы және 8 – экспресс маршрут. 2023–2025 жылдары 1127 жаңа автобус сатып алынып, жылжымалы құрамның жаңару деңгейі шамамен 67%-ды құрады. 2025 жылы №1 автобус паркі газбен жүретін 300 автобус сатып алды, - деді Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Мадияр Тұқпатов.
Сонымен қатар ол қаладағы бағдарлардың желісін дамыту жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.
- 2025 жылы 12 жаңа маршрут, ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында тағы 6 жаңа бағдар іске қосылды. Олар елорданың ірі аудандары мен жолаушылар ағыны қалыптасатын негізгі нысандарын қамтиды, - деді басқарма өкілі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесі іске қосылған сәттен бері оның қызметін 8 млн-нан астам жолаушы пайдаланды.