— Астана инвестициялық белсенділіктің тұрақты қарқынын сақтап келеді. Осы жылдың 7 айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1 трлн 294 млрд теңге болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға көп. Сонымен қатар, инвестициялардың негізгі бөлігін жеке инвестициялар құрайтынын атап өткен жөн. Олардың үлесі шамамен 70 пайызды немесе 927 млрд теңге. Бұл көрсеткіш қаламызда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқанын және бизнестің елордадағы жобаларға қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді. Шетелдік инвестицияларды тарту бойынша да оң динамика байқалады. Тек осы жылдың бірінші тоқсанында тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 1,7 млрд АҚШ доллары. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,6 пайызға жоғары, — деді Нұржан Әшімов елорданың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта барлық жеке инвестициялық бизнес-жоба бойынша мониторинг Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа арқылы жүргізіледі.
— Астана қаласы бойынша жалпы құны 2,2 трлн теңге болатын және 28 мың жұмыс орнын ашуды көздейтін 220 ірі инвестициялық жоба бар. Бұл жобалар өнеркәсіп, логистика, білім беру, денсаулық сақтау, туризм және спорт сияқты түрлі салаларды қамтиды. Биыл пайдалануға беру жоспарланған жалпы құны 200 млрд теңге болатын 29 жобаның бүгінгі күнге дейін 15-і іске қосылды. Жыл соңына дейін қалған 14 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, — деді ол.
Бұған дейін Астанада биыл штат қысқартылуына байланысты қанша адам жұмыссыз қалғанын жазған едік.